Мемлекеттің қызметтің майталман ардагері, өзіне тапсырылған жауапты жұмыстарды арымен сезініп жанын сала атқарған Бауыржан Ақпанов таяу мерзімде 70 жасының желкенін кермек.
Ақ көйлек дос, келелі мәселелер туындаған сәттерде шындығының анық-қанығына көз жетпей тұрып бас шұлғып келісімпаздық таныту оның болмысына жат дүниелер. Жарамсақ, жәдігөйлердің жолы болғыш та, басын алса да шындықтан ауытқымайтындардың балағына ошаған ілінгіш сонысымен де опық жегізген өмір ғой бұл.
Адал жолдан табан аудырмаймын деп қыр соңынан арыз қуған, әлділерге жақпаған сәттері болса, ол соның бәріне пысқырып та қарамай, халық үшін қалтқысыз қызметінен абырой жыйған азамат.
Ол өресі биік іскер басшы екенін елге деп езіліп еңбек еткен жылдарында анық дәлелдеді. «Алматы политология және басқару» институтын ойдағыдай бітіріп, Атырау облысының болашағынан үміт күттірерлік кадрлары тізіміне қосылды. Ақ пен қараны айырудан жаза басқан жері жоқ. Аққұба нұрлы жүзінде ар шапағы таңдай арайлап тұратын ол қандай тапсырмаға да «басекең айтты екен» деп бас шұлғып, қалбалақтап жүретіндерден емес, зерделеп, сана таразысында сан өлшеп барып іске кірісетін.
Ауданның атқамінерлері сапына қарапайым еңбек адамы қатарынан келіп, топ жара қосылды. Ол қаршадай шағында Киров атындағы кеңшардың озат жүргізушісі, жас коммунист, белсендісі ретінде есімін аймаққа әйгіледі. Сол жылдары ол жайындағы «Алдыңғы сапта Ақбанов» деген суреттеме мақаласы аудандық газеттің бірінші бетіне шыққан бала тілші-осы жолдардың авторы.
Әңгімеміздің кейіпкері Ақбанов Бауыржан Зұлпыхарұлы 1956 жылы ауданымыздың шұрайлы өңірі әйгілі Зорматада туған. Сөз орайында айтылғанындай еңбек әліппесі бүгінгі «Жаңа талап» ауылдық округі, бұрынғы Киров кеңшарында жұмысшылықтан бастап ашылған. Облыстық партия комитетінің жолдамасымен барып, жоғарыда әңгіме еткен, екінің біріне бұйыра бермейтін «Жоғары партия мектебін» бітіріп, «Саясаттанушы» дипломын қолына алып, туған ауылын қайыра тапқан.
Одан арғы өмір жолы былай өрнектеледі: 1991-1993 жылдары «Қызыл таң» колхозы партия ұйымының хатшысы, техникалық қауіпсіздік инженері.
1993-2002 жылдары Бірлік ауылдық округінің әкімі.
2003-2008 жылдары «Нұр Отан» ХДП қоғамдық бірлестігінің Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2010-2013 жылдар аралығында Сафон ауылдық округі әкімдігіндегі қызметті жетілдіру, кемшіліктерін жолға қою үшін сол округтің әкімі болуға тәжірибелі саясаткер Б.Ақбанов жіберілді.2013 жылдың Наурыз айының 7-ші тамызынан 2020 жылдың тамыз айына дейін Бірлік ауылдық округінің әкімі қызметін талапқа сай атқарғанына аудан белсенділері, жұртшылық куә дер едік, 2000 жылдан бері бұған дейінгі «Нұр Отан» Халықтың демократиялық, бүгінгі «Аманат» партиясының белсенді мүшесі.
Білімді саясаттанушы Бірлік ауылдық округінің әкімі кезінде ауыл тұрғындарымен жұмысты жетілдіріп ғана қоймай, «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының жұмысын да жан-жақты қырынан жарқырата көрсетті. Нәтижесінде 2018 жылы «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының Атырау облысы бойынша 100-ге дейінгі партия мүшесі бар санатта Құрманғазы ауданының «Бірлік» бастауыш партия ұйымы 1-ші орын алып, аудан мерейін тасытып, сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолынан арнайы диплом алып, газет-теледидар арқылы тәжірибесі кеңінен таратылды. Міне, білімді-білікті, іскер азаматтың биік өресі, тұрғындармен аралас-құралас жұмысының кепілі осы деп айтқанымыз орынды.
Б.Ақбанов сылтауға жоқ, кабинетшіл емес, жұртшылық арасынан табылатын ауылдастарының көңілі де, көзі риза әкім ретінде өзін дәлелдей білді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Бірліктік тұрғындардың мәдени-тұрмыс сапасының жақсаруы, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының саны жылдан-жылға өсуі, әр отбасының белгілі бір табыс көзіне деген қызығушылықтарын арттырудың кепілі десек, әрине шындықтан алыс кетпейміз. Жаңа жұмыс иелерінің бизнес жоспарларын жасасып, олардың құжаттарын қолына қысып, баратын жерлерге бірге баратын белсенді әкім осы Б.Ақбанов.
Бірлік ауылдық округінің ішкі көшелері мен қатынас жолдарын жөндеу және тас жол төсеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың жүріп-тұруына өте қолайлы жағдай жасалды.
Көп жылдан бері қордаланған ауылға келетін жолдардың төселуіне, ауыл көшелерінің заманауй талапқа сай жаңаруына қол жеткізілді.
Б.Ақбановтың округ әкімі болуы кезінде елді-мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөлінді. Ауылдардағы ауыз су құбырларын жаңғырту және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі артты. Бұл шаруалар бірліктіктердің тұрмыс деңгейін көтеріп ғана қоймай, денсаулықтары мен әлеуметтік жағдайларының жақсаруына оң ықпалын тигізді.
Адал боламын дегеннің кейде жазықсыз аяғына тұзақ ілінетін сәттері де болмай қалмайтыны ақиқат.
Бірлік ауылына су тарту құбырлары жұмысы бітпей жатып «ақшаны игеру керек, қабылдап алып қол қойыңыз» деген орынсыз пәрмен берілді оған сол кездегі аудан билігі тарапынан. Ал, бұл жұмысты күн сайын бірнеше рет аралап, кемшіліктерін көздеріне шұқып көрсетіп, ақауларды түзеуді міндеттеп жүрген ауыл әкімі Б.Ақбанов өліп кетсін мұндайға барар ма? Іс насырға шауып «Бірліктің әкімі бітпеген жұмысқа қол қоймағаны үшін орынынан алынады екен» хабары аудан аумағында желдей есіп жүре берді. Жазықсыз, тәжірибелі ауыл әкімі де қарап қалған жоқ. «Нұр Отан» ХДП аудандық ұйымына шығып, комиссия шығартып жұмысты тексертуді сұрап, өзінің талабын толық дәлелдеп, көрсетіп, табандылық танытты.
Сондықтан да ол бұрынғы «Нұр Отан», бүгінгі «Аманат» партясын ылғи да қолдап, бірқатар көтерілген мәселелерге орай өз пікірін білдірумен келеді. Күні кешегі белсенді әкім боларым болды демей жиналыстарға, мәдени шараларға тұрақты қатынасқанда үн-түнсіз қалмай өз ой-пікірімен бөлісіп, ұсыныстар беруден кейіндеп көрген емес. Бірліктегі сол кездегі «Нұр Отанның» («Аманат») бастауыш ұйымын «республика бойынша ең үздік» атандырған саясаттанушы –әкім оның жұмысы бұқарамен бірлескенде ғана нәтижелі боларын жалықпай айтумен келеді. Науқаншылдық сипат алмауына жанашырлық білдіреді. Қысқасы ол жетекші партияның ауылдағы белсендісі һәм тірегі де.
Қандай мәселе болмасын өзіндік пайым-түсінігімен парасатты ой жүздіретін ауыл ағасы сұранып, сұқтанудан ада, бірақ еңбегі еленген тұстары да аз емес. «Нұр Отан»ХДП облыстық қоғамдық бірлестігінің , Атырау облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғыс хаттарымен және ҚР Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне-25 жыл» мерекелік медалімен, т.б марапаттарымен аталған.
Жұбайы Мәрия Харесқызы еріне серік бола білген жүзі нұрлы, қабағы ашық, ісіне береке біткен әзіз жан, айтулы ана, мейірімді әже. Зейнетте болуына қарамастан ауданға мәлім шаруа қожалығының иесі.
Азаматы Бауыржан, балалары немерелері ортақ қазанның ырысы қамында бір кісідей жұмылып, шаруа жасайды.Мүйізді ірі қара өсіруші әріптестері сапында адал еңбектерімен нәпақа айырып, игіліктерін көруде. Ағайын былай тұрсын ауылдастар шаруа салып келсе де меселін қайтармайтын наркөңіл, елжанды отбасы бұлар.
«Терек жапырағымен,адам ұрпағымен» көрікті десе біздің қазақ, бұл Бауыржан Ақбановтың да әулетіне қарата түйілген тұжырым. Үлкен қызы Нурия аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, оның күйеуі Анарбек аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы. Ал Ақтауға тұрмысқа шыққан Райханы-орыс тілі пәнінің мұғалімі, оның күйеуі Азамат «ӨзенМұнайГаз»-дың маманы.
Ұлы Нұрлан кәсіпкер болса, келіні Айсұлу Орыс тілі пәнінен ауылдағы С.Н.Имашев атындағы орта мектепте біраз жылдан мұғалім. Бауыржан-Мәрияны аталап, әжелейтін алты бірдей немеренің алды қанатын қатайтып, барып кел,шауып келге молынан жарап жүр. Баланың кенжесі Раушан да өз кәсіпкерлігін ашып дүкен ұстайды. Құдайға шүкір, Құрманғазы ауданында адал еңбектерімен Ел Тәуелсіздігіне үлес қосып, сүттей ұйып отырған бір шаңырақ болса, ол Бірлік ауылындағы ақжарқын, жарма, бірсөзді, қайырымды ел ағасы Бауыржан Ақбановтың шаңырағы.
Өмірін ынтымақ пен еңбек ажарлаған Бауыржан Ақбановтың ауылдың арқа сүйер азаматы деген абыройлы тұғырының мықты бола беруіне шынайы тілектестік көңілмен сіздерге ол жайындағы осы баянымызды жеткізуге асық болдық. Жұлдызың жоғарыдан жана берсін, Бауыржан!-демекпіз оған сөз соңында.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
