Осыдан үш жарым ғасыр дерлік бұрын испанның ұлы жазушысы Бальтасар Гарсианның лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттей келе айтқан: «Үш қасиет адамды керемет етеді: – Бұлар ұлы жомарттықтың жоғары сыйлары: жемісті дарын, сұңғыла ақыл және нәзік талғам. Жақсыны ойлап табу ұлы артықшылық, әбден ойластырып алу одан да артық. Бұған жақсыны бағалай білуді қосу керек. Дарын омыртқада болмайды, әйтпесе ол өткір ойдан гөрі ыждағатқа көп ұқсар еді; дұрыс пікір-парасаттың жемісі. Жиырма жаста сезім, отызда-дарын, қырықта-ақыл басым болады.

Сілеусіннің көзі сияқты сәуле төгіп тұратын ақылдар бар түн неғұрлым қараңғы болса, олар соғұрлым жарқырайды. Әрқашан ең қолайлыны табатын бақыттылар болады мұндайларға көп нәрсені жақсы жасаудың сәті түседі: бұл жемісті еңбек етуді сыйлайтын бақытты қасиет. Ал жақсы талғам адамның бүкіл өміріне көрік береді», — деген ежелгі данышпанның ойы біздің бүгінгі сөз еткелі отырған асыл да қасиетті тұлға Мұқағали  Мақатаевқа, оның соңына қалдырған асыл мұрасы – өміршең шығармашылығына арналғандай болып көрінеді.

Расындада ақсақалды абызға да, ақ жаулықты ана-әжені де, бесіктегі сәби мен бозбала-бойжеткенді де тебірентер, тіпті әрқилы мамандық иелерін де тамсандыратын, жүрек сезімін тербеп, көзіне жас ұялататын өлең шумақтарын қалдырған асқақ талант иесіне қандай теңеу, эпитет айтсаң да үйлесіп, жарасып-ақ тұрады емес пе?!

Әзиз ақын Қадыр Мырза-Әлі өзінің «Иірім» кітабында: «Әзірге мені шапалақпен періп қалған ешкім жоқ. Бірақ періп қалса, таңғалмаймын! «Жақсы өлең жазған сайын сезеді ішім, доспен бірге жау табамын…»,-дегені сияқты асқан дарын иесі Мұқағаидың да өзі айтқандай, ортамызда жүргенде досы да, қасы да аз болмағанына оның өткен өмірі анық дәлел.

Әйтсе де бүгінде солардың  бәрін жеңіп, ауыздарына топырақ құйған ақынның да, оның шығармашылығының да екінші жарқын өмірі басталды. Тек оған сәттілік тілеу аз, қайта шырағын жарқырата түсіп, оның әлі де ашылмай жүрген қырларын түгендеп, әлемді мойындатқан дүлей ақын екендігін таныта түсу бүгінгілердің биік  міндеті болып қалмақ.

Бүгін менің туған күнім,

Ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай,-деп «Арыз жазып кетейін…» деген өлеңіндегі жолдар да бүгінге жетсе, ол көрініске кереғар, көзі тірісінде елді шулатып, думандатып, дуылдатып, көл-көсір тойы болмаса, міне қатарынан қаншама жыл бойына әрбір туған күні – 9 ақпанда әр тұстан қызылды-жасылға тола  өтетін ас та төк  мерекелерде де  есеп жоқ.

Кітаптары да том-том болып, шығып, көзі тірісінде арман болған көше, даңғылы, музейі, журналы, ескерткіші, спектакльдің өзі түгіл әр өлеңі тұтас қойылымдарға айналып, сахналардан түспей келеді емес пе?! Осының өзін де кезінде «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» болып, тасада қалардай көрінген үлкен талант иесінің шығармашылығына деген зор құрмет әрі тағзымы деп білеміз.

О, туған  ел!

Тыңдашы дауысымды,

Сенің берген сабырың тауысылды.

…Тұнығыңды, көлдерім, лайлама,

Өзендерім өзгертпе ағысыңды.

Қайтесің ұмыт болған бір баланы,

Ол сенің өміріңнен құр қалады.

Оның әлі келмеген кереметің,

Болашақ ақыныңа жыр болады.

Мен сенің жалғыз тамшы шаңыңдаймын,

Гүлдеріңнің төсінде дамылдаймын.

Сен  есен бол,

Құдайға, Пайғамбарға

Өмірімді ұзарт деп жалынбаймын,- деп өзі туған ақпан- «Февраль түні» атты тым алыстағы болашағын мойындатқан көріпкел өлеңіндегі бұл жолдарда ақын сезімін әурелеген жалғыздықтың сызы әсте білінеді, соны ұқтырып тұрғанын сезініп жаның ауырса да шүкір етесің.

…-Жақа өзің айтқандай, қазақ салтымен біразымыз ата-әженің қолында өстік қой,-деді ол (Мұқағалидың бала күнгі досы, атақты ақын Еркін Ібітанов), мені арқадан қағып. Мұқағали бауырым да мен сияқты әже тәрбиесінде өсті.

Тек айырмашылығы, ол кісі менің Қалиша әжем құсап есімін құбылтпай, өзінің Тиын атын өмір-бақи сақтап өтті. Сірәда бұл басқа кемпірлерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ, қарапайым жандардың бірі болғанынан шығар»,- деп, жақында Жақыпжан Нұрғожаның «Мен білетін Ібітанов» атты («Қазақ әдебиеті», 12.09.25, №36) жарияланған мақаладағы аға сөзінен де ақын туған қарапайым ортаның сол кезеңде жай-күйін  ұққандаймыз.

Осы досы Ерік Ібітановтың соңына қалдырған «Хантәңірі, қайдасың?» атты өлең-романынан соң Мұқағали Мақатаевты халқымыз «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атап кетуінің өзі де заңдылық деп түсініліп, өлмес ескерткішке айналғанын да үлкен мақтанышпен айта кетуге болары хақ.

Әкесі Сүлеймен соғыстан оралмай қалған Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, әкесін аға, анасы Нағиманды «Нақаң» деп атағаны, досы екеуінің анасы колхоздың бір отар қойын бағып, малшы ауылдың сан тіршілігін бастан өткергенін ашқан әңгімеде бізді қызықтырғаны қос бала-оқушының қабырға газетін шығаруларын тіпті детектив десек артық болмас.

Онда сиыры жамыраса, сабақты тастай жүгіретін мұғалімге арнап, сықақ шығарулары, тіпті Мұқаңның «Қасыққа ілінген қара бақа» деген фельетоны жарияланып кетіп, ол мектеп дәлізіндегі қабырғада түске дейін ғана тұрып, артынша алынып тасталып, төтенше «мәжілістен» соң «қос бала редактордың» жұмыстан шығарылуы, шындығында бала күнгі қызықтар болғанымен де болашақ үлкен дарын иесінің сәулелі нәзік жүрегі қарапайым  ауылдарда кездесіп тұратын әділетсіздік атаулыға да жаны қас болып өскенін анық байқатады.

Оның біразын «Жапырақ – жүрек жас қайың» туралы өлеңін ерекше бағалаған Қадыр ақынның «Иірімін» терең сезіне оқыған жан ұға түсері анық.

«Бұдан бірнеше жыл бұрын, Мұқағали радиода диктор болып істеп жүрген жерінен бәрін тастап, ауылына тайып тұрды. Ол – үлкен бір мақсатқа қол созар алдында ойланып жасалған саналы жоспар еді. Сондақтан да ол қарап жатқан жоқ. Оқумен, ізденумен, жазумен шұғылданып, енді астанасыз болмайды-ау деген кезде Алматыға қайтып оралады. Жай ғана оралған жоқ, көшіп келді,»- деп жазуында үлкен мән бар.

Әрине, оның бәрінің сырын ашып, құпия кілтін іздеуге газеттің бір мақаласы аздық етері анық. Сондықтан да:

Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

…Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай!!! — деп жырлап өткен ақынның ішкі сырын ашқан өлеңдері де кейін бірге жақса, екіншінің қитығына тигені жасырын емес. Оны көзі қарақты оқырмандардың өздері жақсы білсе керек-ті.

Көрер едің,

 Шаламын ба, отпын ба?

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда…

…Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Мақаңдар жоқ,

Мақаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!- деп асқақ та өршіл ақынның өлеңдерін оның өзінің өмірден өткеніне 50 жыл толып жатқан тұста да жиі оқылып, асқақ естілуі заңды құбылыс.

Ақынның шығармашылығына тәнті болған қалың оқырман жуырда атақты «Райымбек, Райымбек!» поэмасына да қайта үңіліп, оның ішіне бүккен мол сырын тағы бір зерттеп, зерделеуге кірісіп жатқан жайы барлығын да оқып білдік.

Мұның өзі де жер бетінде 45 жыл-ақ өмір кешсе де, соншама мол құпияға толы сырлар теңізін қалыптастырып кеткен дарынның тұңғиықтағы асыл қазынасын танып-білуге халқының әлі де құмартып, мағынасы кең, терең ұғымды поэзияның нәрін татуға деген аңсары ауған, шексіз сүйіспеншілігін  танытады.

Ендеше, Мұқағали ақын рухы халқының қажетіне жарап, әлем көшіне ілескен Тәуелсіз ел  аспанында мыңдаған жылдар жасай берсін демекпіз.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

«Қазақстанның Құрметті  журналисі»,

Индербор кенті