Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар, құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет.
Өз кезегінде сыбайлас жемқорлық дегеніміз – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың мән-маңызы орасан зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып қала бермек.
А.ҰЗАҚБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау облысы бойынша
Қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары