Ұлы ойшыл, 180 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының қара сөзінде келетін «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деген метафораның мәні орасан зор. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелегі де солай жөнелетіні белгілі. Бұл тұста биыл 80 жылдық межеге жеткен, бірнеше буын еңбеккерлердің қара шаңырағы саналатын іргелі кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауыты жанынан соңғы 34 жыл көлемінде ардагерлер кеңесі қызмет атқарып келеді.
Айта кету керек, ардагерлер кеңесінің жұмысы «АМӨЗ» ЖШС зейнеткерлер қоғамының Жарғысына сәйкес жүргізіледі. Аталмыш қоғам 1991 жылы Александр Борисович Бычковтың бастамасымен және зауыт директоры Владимир Викторович Гафнердің қолдауымен құрылған еді.
Зауыт зейнеткерлерінің қоғамы – бұл мұнай өңдеу зауытының бұрынғы қызметкерлерінен құралған ерікті негіздегі бірлестік. Ұйымның басты мақсаты – ұжымдық шартқа сәйкес материалдық көмек көрсету. Әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне сәйкес, жұмыс істемейтін зейнеткерлерге, яғни бұрынғы қызметкерлерге, бюджетте қарастырылған қаражат аясында қолдау көрсетіледі.
Сандарға көз жүгіртсек, күні бүгін бірлестікте 729 зейнеткер тіркелген, олардың ішінде: 320 әйел, 409 ер адам, 4 тыл ардагері, 1 майдангердің жесірі және Ұлы Отан соғысына теңестірілген 5 зейнеткер бар.
Ұжымдық шартпен көзделген әлеуметтік көмектерден бөлек, зейнеткерлер мен зауыт қызметкерлеріне кәсіподақ тарапынан да қосымша қолдау жасалады. Атап айтсақ, қызметкерлер мен олардың отбасыларына өтініш негізінде бір жылға көмек; қызметкер немесе отбасы мүшесі ауырғанда; ота жасалған жағдайда; қаржылық қиындықтарға тап болғанда; өрт немесе табиғи апат жағдайында және «Қамқорлық» айлығы аясында түрлі көмек көрсетіледі.
Одан бөлек, зауытта 40 жылдан астам еңбек еткен және құрметті демалысқа шыққан ардагерлер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, кәсіподақ тарапынан сыйақыға ие болып келеді.
Және ардагерлерге арналған кезекті игіліктің бірі – олардың «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Қазақстан кәсіподағы», «Егемен Қазақстан», «Сахара» сияқты басылымдарды тегін жаздырып алуына мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, кеңес жанынан ардагерлер хоры жұмыс істейді. Хор мүшелері республикалық, облыстық және қалалық байқауларда топ жарып үлгерген.
Өз кезегінде, кәсіпорында жыл сайын зейнеткерлерге Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні, Жаңа жыл мерекелері аясында арнайы дастархандар ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, интернационалист жауынгерлерге, тыл еңбеккерлері мен майдангерлердің жесірлеріне арналған салтанатты іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.
Сайып келгенде, өзіндік даму дәстүрі қалыптасқан зауытта аға, орта және кейінгі буынның өзара сабақтастығы жолға қойылған десек, әсте қателеспейміз. Сөзімізді сол бір әнде қажымас қара нардай ағалардың құрметіне айтылатын «Аман бол, ағаларым!» деген інілік лебізбен аяқтағанды жөн көрдік…
Ө. КЕНЖЕАХМЕТОВ