«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық ғылыми-танымдық экспедиция жақында Батыс Қазақстан облысында болды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов бастаған экспедиция мүшелерінің Ақ Жайық өңіріндегі жұмыс сапары М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі жиыннан басталды. Аталған оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов қазақы игі дәстүрмен құрметті меймандарға төр ұсынып, қонақжайлылық танытты.

Іс-шара тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин Маңғыстау, Атырау облыстарында сәтті жұмыс жүргізіп, Орал өңіріне ат басын бұрған  экспедицияның мақсат-мұратына тоқталды. Шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ұлттық рух пен тарихи мұра, Зейнолла Сәнік еңбектері жайында әңгіме өрбітті.

– Ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция – ұлттық мәдениетіміздің діңгегі саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ этнографиясын дәріптеу, ұлт жадысын жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен басталған бұл ауқымды жоба барысында тарихи орындармен танысу, музейлердегі құнды жәдігерлердің қыр-сырына үңілу, рухани құндылықтарды дәріптеу секілді маңызды істер атқарылмақ. Жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың еңбектерін жинап, кітап шығару жоспарлануда. Деректі фильмге материалдар жинақталуда. Экспедиция жұмысына Жазушылар одағының мүшелері кеңінен тартылмақ. Бүгінде этнография – жай өткен күннің елесі ғана емес, ол – ұлттың тамыры. Біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Облыс орталықтарында, аудандарда тұратын ақын-жазушылармен, өлкетанушы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинаушы көнекөз қариялармен, шежірешілермен жүздесеміз. Осының бәрі ұлтты тұтастандыруға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға жұмылдыратын тың бастама, – дей келе, Қасымхан Сейітханұлы осы экспедицияға қатысты жазылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің хатын оқыды.

Хатта: «Биыл қазақ руханиятының дамуына мол үлес қосқан қаламгер, этнограф, баспагер, аудармашы Зейнолла Сәніктің 90 жылдығы. 2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, жан-жақты дәріптелуіне демеушілік жасап келеді. Қазақстан Жазушылар одағы биыл көрнекті қаламгердің 90 жылдық мерейтойын Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорымен бірлесе отырып, ауқымды жоба аясында атап өтпек. Батыс өңірінен бастау алатын сапар еліміздің барлық аймағын қамтиды. Мәдениеттанушы ғалымдар, этнографтар, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған экспедицияның мақсаты – жазушының ұшан-теңіз еңбегін елге кең көлемде насихаттау. Ұлттық  құндылықтарымызды жан-жақты дәріптеп, ел арасындағы халық қазынасын, яғни  рухани мұраны заман талабына сай жаңғыртып, өңірлердегі тарихи орындардың қазіргі жай-күйімен танысу. Этнографтың мерейтойы аясында келер ұрпаққа өнеге, қазіргі қоғамға қажетті дүниені қолға алған қор мүшелеріне, Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына алғыс айтамын. Экспедиция мүшелеріне сәттілік тілеймін!» делінген.

Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосан, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев осы ауқымды жоба аясында жүйелі жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтар туралы әңгімеледі. Жиынға аталған қордың құрылтайшысы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы да қатысты.

Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, ақындар – халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерлері Айтқали Нәріков пен Қазыбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев ой-пікірлерін ортаға салып, экспедиция  жұмысына сәттілік тіледі.

Жас буынды қолдау мақсатында Зейнолла Сәнік қоры тағайындаған аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақыны Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің студенті Нұрдана Темірге тапсырды. Сондай-ақ жиын қатысушыларының біразына Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты кітабы тарту етілді.  

Қонақтар облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлермен танысып, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығын аралады.

Ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері «Ақжайық» трилогиясы мен «Ағайынды Жүнісовтер» романының авторы, классик жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Есенжановтың туған жері — Теректі ауданының Сарыөмір ауылында және Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылында орналасқан Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың музей-үйінде болды, жәдігерлерімен танысты. Экспедицияның одан кейінгі сапары Қадыр Мырза Әлидің туған жері Жымпитыда жалғасты.

                  Мәрлен  ҒИЛЫМХАН,

Орал қаласы