ХХ ғасырдың басы мен орта шегінде мемлекет, ел басқару ісіне белсене араласқан қазақтың біртуар қайраткер қыздары санаулы болғанымен олардың санатындығы тұғырлы тұлғалардың бірі – Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) тұңғыш әйел ректоры, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, ұлағатты ұстаз Сәнду Дүймағамбетова.

Елінің ертеңі жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беру, адал қызмет атқарған ұлағатты ұл-қыздарын ардақтау — ұлтымыздың аса қастерлі дәстүрлерінің бірі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы адами қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беруде ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Өлкенің жоғары білім беру саласында өлшеусіз үлесі бар Гурьев педагогикалық институтының тұңғыш әйел ректоры Сәнду Дүймағамбетқызының өмірі мен педагогтік, қоғамдық қызметін жан-жақты сараптап, бағалап, қорытынды жасалған арнаулы ғылыми еңбек кездеспейді, оған қатысты еңбектер тіпті жоқ деуге болады. Кейбір басылымдардағы жарық көрген шағын мақалаларда ғана бір-екі ауыз сөзбен 1969-1973 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогика институтының ректоры болғандығы жөнінде аталып қана өтіледі. Атырау облыстық мемлекеттік архиві қорында С.Дүймағамбетованың өз қолымен толтырылған өмір жолы, атқарған қоғамдық және ғылыми жұмыстары жөніндегі ізденістері туралы құжаттар сақталған.

1940 жылдан Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтынан бастау алатын бүгінгі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқу-тәрбие үрдісін жетілдіруде, материалдық-техникалық базасын нығайтуда  күш-жігерін жұмсаған ардагер ұстаздардың бірі, өлкеміздегі жоғары білімнің қара шаңырағын басқарған С.Дүймағамбетова екендігі шүбәсіз. Ол 1919 жылдың 23 қарашасында Махамбет ауданының Редут елді мекенінде (қазіргі Талдыкөл ауылы) қарапайым балықшы отбасында дүниеге келді. Өкінішке орай, әкесі Дүймағамбет ұзаққа созылған ауыр науқастан соң Сәнду дүниеге келген жылы қайтыс болады. Отбасындағы үш баланың бар ауыртпалығы аналарының мойынына ілінді. Тумысынан қайсар да жігерлі анасы Балсекер Нұрманқұлова балаларын жетелеп жүріп, өсіріп-өндірді. Сәнду апай Гурьев қаласындағы О.Исаев атындағы (кейін Жамбыл) қазақ орта мектебін 1938 жылы ойдағыдай аяқтады.    

Оқу жылы аяқталғанда облыстық «Социалды құрылыс» газетінің №159 санында «Биыл Гурьев қазақ орта мектебін бірінші рет 23 оқушы бітірді» тақырыбында С.Дүймағамбетованың мақаласы жарияланды. Мақаласында: «Мен, 1930 жылдан бері Гурьев қалалық қазақ орта мектебінде үздіксіз оқып келемін. Биылғы жыл мен бұл мектептің он жылдық оқу программасын орындап,  орта дәрежелі  білім алды деген құрметті атақпен мектеп бітіріп шығып отырмын.

Алдағы күнде мектептен алған  білімімді  және күнбе-күнгі іс жүзінде көрген тәжірибемді  бұдан әрі де көлемдендіре отырып, жоғары дәрежелі  мектептерде оқимын», — деп жазды .

Ол 1938 жылы Қазақстан комсомолының І съезіне делегат болып қатынасты. Қиналған күндер аз болмады. Бірақ ертеңгі жақсы күнге деген үміт сәулесі көкірегіне сенім ұялатты. Осы сенім оны Алматыға алып келді. Оқу бітірген жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі. Университетте оқыған жылдары жас Сәндудың ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігі мен талапшылдығын, жастармен жұмыс тәжірбиесінің молдығын ескерген оқу орнының басшылығы қоғамдық жұмыстардың белсендісі оны аса жауапты да маңызды қызметтерді сеніп тапсыруда қателескен жоқ-ты.

Сол кезеңде елдің ертеңгі – жас ұрпақ деп, қиын істерге соларды жұмсап жатты. Сұрапыл соғыс басталған 1941 жылы 3 курс студенті,  С.М.Киров атындағы шәкіртақы иегерін кеңес, партия органдары Гурьев облыстық білім беру басқармасы қарамағына жібереді. 1941 жылдың 9 қыркүйегінен аталған басқармада іс-шаралар курсының меңгерушілігі қызметіне кіріседі. Ал, 9 желтоқсанда іскер де алғыр жас басқарманың кадр бөлімі секторының меңгерушілігіне ұсынылды. 1942 жылдың мамырында облыстық комсомол ұйымының шешімімен Гурьев қалалық комсомол комитетінің І-ші хатшысы қызметіне тағайындады. 1942-1944 жылдары облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, лекторы қызметін абыроймен атқарды. Соғыс жылдарында жолдамамен Москвадағы БК(б)П мектебінің алты айлық курсында оқыды. Ел басына ауыртпалық түскен жылдары алыста шалғай ауылдардағы шопандар мен мұнай кәсіпшілігіндегі мұнайшылар арасында үкіметтің жүргізіп отырған саясатын, майдандағы жағдайларды халыққа жеткізе түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 

 Кейінгі жылдары облыстық партия комитетінің лекторы қызметін атқарды. Қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласты. 1946 жылға дейін Гурьев облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. Соғыс жылдары аяқтай алмаған оқуын жалғастыру мақсатында өзі өтініші бойынша жұмыстан босатылды. Ол 3 курстан оқуын жалғастырып, 1949 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін ойдағыдай аяқтады. 1949 жылдың 27 маусымдағы мемлекеттік емтихан комиссиясының шешімімен жоғары оқу орнының оқытушысы, орта мектептегі жоғары сыныптардың мұғалімі және кіші ғылыми қызметкер квалификациясы берілді. Университет бітірген оны басшылық «Физикалық химия» кафедрасына аспирантураға оқуға қалдырды. 1955-1956 жылдары оқу орнының «Физикалық химия» кафедрасында және Алматы медицина институтында ассистент қызметін атқарды.

1956-1963 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті және республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған баламасыз бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы, 1944 жылы құрылған Қазақ мемлекеттік қыздар институтында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. Одан кейінгі жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия институтында аға инженер, «Табиғи сорбенттер мен катализаторлар» зертханасының аға ғылыми қызметкері болды. Жоғары мектеп саласындағы күнделікті қызу еңбекпен бірге ғылыммен айналысуға да уақыт тапты. 1966 жылы академик Д.В.Сокольский және химия ғылымдарының кандидаты Ш.Б.Баталованың басшылығымен «Физико-химические свойства некоторых бентонитов Казахстана и их применение для обработки вин» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай  қорғап шықты. КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы тарапынан 1966 жылдың 28 желтоқсанында Химия институтының 30 маусым күнгі кеңесі шешімі негізінде химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.

1969 жылдың қыркүйек айында Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын ұзақ жылдар басқарған С.Қожабаевтан кейін институт басшылығына химия ғылымдарының кандидаты Сәнду Дүймағамбетова келді. Ол ректор қызметіне тағайындалғаннан кейін ғылыми кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, оқу орнының даму жоспарын жасақтап,  атқарылатын жұмыстарға ерекше мән берді.

Жаңа сайланған ректор тарапынан институттың ғылыми әлеуетін көтеру ең негізгі мақсат ретінде күн тәртібіне қойылып, оның жүзеге асырылуы туралы іс-шаралар жасақталды. ХХ ғасырдың 60-жылдарының аяғында институттың бір топ жас оқытушылары еліміздің ғылыми орталықтарына өндірістен қол үзіп, мақсатты аспирантураға жіберілді. 

С.Дүймағамбетова институт басшысы ретінде осындай ғылымға ұмтылысқа, сол кезде қалыптасқан білім жетілдіру институттары мен факультеттер, аспирантура, тағылымдама, ізденушілік жүйесін кеңінен пайдалану және ғылыми жұмыспен айналысып жүрген оқытушыларға шығармашылық демалыс, іс сапарын  жоспарлы түрде беруді тиімді жүзеге асырып, жолға қойды. Оқу орнының әкімшілігі тарапынан атқарылған іс-шаралардың бірі – кадрлардың ғылыми өсу жоспарын республикалық жоспарға енгізіп, қаржыландырды.

 Сәнду Дүймағамбетқызы басқарған сол жылдары институттың бір топ мақсатты жолдамамен жіберген аспиранттары кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап, институтқа оралды. Ал кейбіреулері кейін ғылым жолында еңбектеніп ғылым докторы, профессор атанды. Олар З.Алдамжаров, Қ.Сейталиев, Ғ.Нығметов, М.Абдолов, С.Құсниденов, И.Тажимұратов, Қ.Әжіғалиев, Қ.Досқалиев, Б.Жанетов, Н.Алдабергенов, Б.Сүлейменов, Т.Жұманова, Е.Иманқұлов, А.Лұқпанов, Т.Жасмамбетов. Ректордың қажырлы еңбегі мен қолдауының нәтижесінде институт профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті өсті. Оың тікелей басшылығымен ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға, олардың ғылыми өсуіне, кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән берілді. Профессор-оқытушылар құрамы 1970 жылы 119 адамға дейін өсті, оның  ішінде 17 адамның ғылыми дәрежесі мен атағы болса, ал 30-дан астам оқытушы аспиранттық даярлықтан өтті. Ал, студенттер контингенті — 2693, оның ішінде — 1198 күндізгі, 1495 сырттай оқу бөлімінде оқыды. Яғни институт алғаш құрылған жылмен салыстырғанда студенттер саны 10 еседен артыққа өскен. Сонымен бірге, кітапхананың кітап қорын жабдықтауға да ерекше көңіл бөлінді.

С.Дүймағамбетова қызмет атқарған 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың бас кезінде педагогикалық жоғары оқу орындары студенттерін кәсіби-педагогикалық даярлауды жетілдіруде жаңа кезең басталды. Болашақ мұғалімдерді психологиялық-педагогикалық даярлаудың мазмұнын жетілдіру бірден-бір өзекті мәселе болып, күн тәртібіне қойылды. Ректордың басшылығымен профессор-оқытушылар ұжымы болашақ педагог кадрларды кәсіби-педагогикалық жағынан сапалы даярлауда, олардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруда, өз мамандығын жан-жақты және терең біліммен қаруландыруда, сонымен бірге психологиялық-педагогикалық жағынан даярлауда зор табыстарға қол жеткізді. Институт басшылығы тарапынан 1969-1973 жылдары мамандықтарды тұрақтандыру бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Бұл оқу орнының қалыптасып, өркендеу кезінде ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбие жұмыстарын жетілдіруде Сәнду Дүймағамбетқызының атқарған еңбегі өлшеусіз.

         1973 жылдан кейін ол Қазақ мемлекеттік медицина институтында,  1974-1980 жылдары  Қазақ КСР Ғылым Академиясы Химия институтында   аға ғылыми қызметкер болып жұмыс жасады. Қызмет атқарған жылдары еңбектегі, ғылыми шығармашылық жұмыстары үшін «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін 1941-1945 жж.», «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 50-жыл», «Ерен еңбегі үшін» «Еңбек ардагері» т.б. бірнеше медальдар мен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алматы қалалық және аудандық кеңесінің депутаты болды.  Табиғатынан сыпайы, қарапайым, ұстаздық жолында барша ғұмырын адам тәрбиесіне арнаған ұстаз-ғалым, Атырау қаласының Құрметті азаматы Сәнду Дүймағамбетова 83 жасқа қараған шағында 2002 жылдың 13 тамыз күні Алматы қаласында дүниеден озды.

Сәнду Дүймағамбетқызының жұбайы көрнекті тарихшы-ғалым, зерттеуші, халық мұраларын жинаушы Мұстафа Ысмағұлов (1914-1987 жж.) елімізге белгілі ғалым. 1990 жылдардың басында Сәнду апай қызы Салтанатпен жолдасының өмір бойы Орынбор, Саратов, Москва, Санкт-Петербург, Астрахан,Омбы архивтерінен жинақтаған мол мұраны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды. Бұл баға жетпес мол мұраларды халық игілігіне жарату үшін музей қорына тапсыруы ғалым Сәнду апамыздың туған халқының тарихына деген құрметі мен сүйіспеншілігі болатын.

КСРО дәуірінің 1960-1970 жылдарындағы педагогикалық негізгі ұстанымдарын айқындап және бұл қоғамдық құбылыстың С.Дүймағамбетованың ғылыми-педагогикалық көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен факторларды айқындау және сол кезеңдегі білім беру жүйесіне тарих тұрғысынан ғылыми талдау жасау, ретроспективті және тарихи-генетикалық талдау негізінде оқу үдерісіндегі оның озық педагогикалық идеяларын жүзеге асырудың жолдарын айқындау, ғалым-ұстаздың тәлімдік идеяларын жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жүйесіне ендіру жолдарын ғылыми-әдістемелік тұрғыда анықтау негізгі міндеттердің бірі.

С.Дүймағамбетова туған елі мен қоғамға сіңірген адал еңбегімен, ғылыми шығармашылық ізденістерімен және адами асыл қасиеттерімен ел құрметіне бөленген қайраткер әйелдер  қатарында болатындығы ақиқат.

 Аққали АХМЕТ,

 тарих ғылымдарының докторы, профессор