8-13 қыркүйек аралығында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады.

Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін болады.

Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды. 

Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.

«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.

Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ. 

Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.

Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.

Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.

Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.

Ойын тарихы

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді.

2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

«Президент бастамасымен елімізде өткелі отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады»,- деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады. Оның спорт бағдарламалары – түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген.

Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 21 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша, дәстүрлі садақ ату, саятшылық өнері, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.

Ойын ұйымдастырушылары халықаралық жарысты өткізуде артық шығынға жол бермеу мен тиімділік ұстанымдарына сүйенеді. Ойындарды өткізу үшін қолда бар спорт құрылымдары тартылады.

Мәселен, 8 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында ойынның ашылу салтанаты өтеді. Ал Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді.

 «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. Ойынның жабылу салтанаты  «Қазанат» ипподромында өтпек.

Қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында реконструкция, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында жөндеу жұмыстары аяқталды. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы – бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады.

Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің барлық аймағын қамтыған «Бірлік керуені» жобасы басталады. Қазіргі күні ірі спорттық жарыстардың барлығында дерлік (Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада және т.б.) түрлі формада Алау эстафетасы ұйымдастырылады. Бұған дейін өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қасиетті бұлақ суы эстафета мен ашылу салтанатының негізгі элементі болған еді. Осы дәстүр Астанада да жалғасын табады. «Бірлік керуені» еліміздің барлық аймағын қамтып, елордада мәреге жетеді.

Сонымен бірге, «Қазанат» ипподромы маңында 10 гектарға созылған «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады. Онда әрбір келуші қазақ халқының және өзге де қатысушы елдердің төл мәдениетімен, салт-дәстүрімен терең таныса алады. Әр өңір өз киіз үйін тігіп, аймақтың мәдени және туристік ерекшеліктерін кеңінен таныстырады.

Ашық аспан астында Көшпелілер өркениетінің музейі, Қолөнершілер қаласы орналасады, «Neo nomads Fest» атты урбанистика фестивалі, ұлттық тағамдар фестивалі, спорттық сайыстар, айтыс және басқа кештер ұйымдастырылады.

Болжамға сәйкес, этноауыл кешені күніне 30 мың келушіні қабылдай алады. Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үйі қызмет ұсынады.

Жалпы спорт жарыстары мен мәдени шараларды тамашалауға қазақстандық және шетелдік 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.

Айта кетерлігі, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank.

Айжан СЕРІКЖАНҚЫЗЫ