Бұрынғылар: «Есік алды төбе болса, Ерттеп қойған атпен тең. Ауылда бір қария болса, Жазып қойған хатпен тең» дегенді бекер айтпаса керек.
Маған да әр ауылдың үлкендері жиі хабарласады. Бірі–мұңын шағып, ренішін жеткізсе, енді біреуі – қуанышын, келесісі батасын беріп, жаңалығымен бөліседі. Бәрінің де көңілін тапқың келеді, бірақ өнебойы олай бола да бермейді.
Жақында елтайлық биыл 75 жасқа толатын (сонда да қарт дегім келмейді) Сүйінғали Сыдихов аға хабарласып, өзінің Алма жеңгей екеуінің отбасындағы жағдайын сөз ете келе, соңғы кезде шығармашылықпен айналысып, оңашада домбыра шертіп, өткен өмірінен күй шығаруға талпынып жүргенін де жеткізген.
Әрине, қазақ өнері мен мәдениетінің бір шыңы саналатын қоңыр домбыра мен оның қасиеті ағаны жиі мазалап, оңашада сырласып, мұңдасар серігі болғанына қуандым, бір жағынан арғы-бергі жайлар еске түсіп, ойға да қалғаным рас.
Иә, қарапайым еңбек адамының ауыл мен аудандағы түрлі есеп беру, басқа да жиналыс, кездесулерде, басқосуларға жиі қатынасып, реті келгенде сөйлеп, ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сағыновтың да әркез жанынан табылып, қолдап, ұсыныстарын көпке жеткізіп жүретін белсенділігінен де хабардармыз.
Ол ертеректе Аманкелді атындағы кеңшардың маңдайалды тракторшысы атанып, тіпті алғашқылардың бірі болып, 1973 жылы алып «К-700» тракторын кеңшарға айдап келіп, меңгергендердің бірі болғанын да көре қалдық.
Мереке күндері, арагідік аудан, облыстағы байқауларда мәдениет үйі мен мектептегі өнерпаз ұстаз Исатай Шахметов ағамыздың басқаруындағы көркемөнерпаздардан тұратын оркестр құрамында да болған. Өнерлеріне де ризашылықпен қол соққанбыз.
Шындығында бүгінде жасы біразға келіп қалса да Сүйінғали ауылымыздағы домбыраға ең жақын жанның бірі танылып, ұдайы өзгелерге үлгі болып жүр. Түрлі жиын-тойда үнемі болмаса да ауыл қартының арқасында, бізді қойшы, кішкене балалардың осылайша домбыраның қоңыр үнін естіп қалатынына шүкірлік етеміз.
Жасыратыны жоқ, бұл ауыл атақты Баламайсан күйшінің топырағы болса да әр шаңырақ түгелі мәдениет үйінің сахнасының өзінде де соңғы кезде күй сирек орындалады.
Ал ертеректе қарттар, домбырашы Ізім Бекмағамбетов пен сырнайшы Садих Досановты айтпағанда, кеңшар басшысы Жанай Беркалиев, партком хатшысы Күмісқали Бахтияров, әнші ұстаз Есенжан Неталиев, жүргізушілер Еролла Мамаев, Едіге мен Қайрат Жұбанышқалиев, Тасқали Темірболатов, Орынғали Досқалиев, Кенжемұрат Жұбаев, Есжан Есқайыров, Ермек Масатов, Самат Масаев, тағы да басқалары ауылымызда қоңыр домбыраны мың құбылта тартып, дәстүрлі әндерді шырқап ұмытылмастай қызықтар сыйлап жатушы еді.
… Ал енді ағамыздың күй шығаруға әуестенуіне, талпынысына біз емес, тиісті мамандар жауап беретін шығар…
Жасыратыны жоқ, қарапайым еңбек адамы Сүйінғали Сыдихов дүниеге келген 1949-шы сиыр жылы ауылымызға, бәрінен де малшы қауымға жеңіл тиген жоқ. Жақында бөденелік Есентай Дәуітбаев жолдасым айтқандай, кейін атақты Ленин орденді шопанға айналған Сәлімгерей Саптяқовтың анасы Қаратөреден басқа біраз малшы сол қыста таяғын ғана ұстап қалғандары үлкендер мен тарихқа мәлім.
Соның бәрін есіне ала отырып, ағамыз былайша сыр тегін ағытқан еді:
– Біздің балалық шағымыз, жастайымыздан ата-анаға көмектесуімізбен есте қалды ғой. Бүкіл өмірлері «Степан Разин», «Социализм», Ленин, Аманкелді кеңшарларындағы қара жұмыста, малда өткізген анам Бәкизаға, ағам Серікке, апам Қапизаға көмектестім. Бала болсақ та талай қиындықтарды бастан кештік.
Ақам Серік Сыдихов малшылар Қойлыбай Жанаев, Бихан Адиров, Сиғуат Бекқалиев болып, күзге таман Ресейдегі Орскіге етке мал айдап кететін. Содан бірнеше айлап жүріп, ауылға қыс түсе келетін. Баламыз ғой, ағамды сағынып, оның аман келуін тілеп, отбасымыз болып асыға күтуші едік.
Әлі есімде бүгінде Аққалаға қосылып кеткен «Қос қорадағы» сауын гуртында анам Бәкиза сауыншы болып жүргенде осындағы 1 сыныпқа бардым. Гуртты Дошақ Кенжалиев, Қазиым Сиденов басқарса, Қыстаубай Далабаев малшы болса керек.
Білуімше, кейін Елтайда кеңес төрағасы болған Бағытжан Әбдірахманов Аққала мектебінде оқу ісінің меңгерушісі екен. Бірінші сыныпқа бізді, бүгінгі ауылдастарым Марусия Сиғуатова, Нұрғали Қауменов, тағы басқаларын ұмыттым Ажар Ғабдуллина апай қабылдап алған еді.
Ал 8 сыныпты апам Қапиза Кулагиндегі орталық асханада жұмыс істеп жүргендіктен, осындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бүгінгі белгілі азаматтар Ғазез Есқалиев, Әділхан Шененов, Талап Омаров, Болат Оразов, тағы басқаларымен бірге тәмамдадым.
Одан соң Елтайда 1966 жылы ашылған механизаторлық курста Мұхиден Дінжанов, Кино Мүкіұлы сияқты үлкендермен қатар тұрғыластарым Тұрлан Бәйдешов, Есжан Есқайыров болып бірге оқыдық. Мұғаліміміз Дүйсен Оспанов деген азамат болды,- деп өткен өмірінен сыр шерткен Сүйінғали Сыдиховтың механизаторлық жолы да осылайша өз ауылынан басталыпты.
Дегенмен ол кезде де қазіргідей айқайлатып, дабылдатқан бастама, жобалар аз болмапты. Соның бірі – мектеп бітірген жастарды мал бағуға жіберу еді. Осындай бір бастама Сүйінғали ағамызды да айналып өтпеген екен.
-1968 жылы кеңшар директоры Қазбек Отаралиев шақырып алып, «сендер комсомолсыңдар, еңбекте жалындап алдыңғы шепте жүрулерің керек» деп, сиыр бағуға жіберді. Мұның бір қиындығы бұл малды қысқа таман теңіз жағасындағы «Гогольскіге» айдайтын.
Сөйтіп, тәжірибелі малшылар Бағытжан Жанесеев, Қасым Кенжеахметов, Мерім Бекмағанбетов бірге бүгінгі Атырау арқылы «Гогольскіге» жаяу-жалпы бірнеше күндеп мал айдап, сонда қыстайтынбыз,-деп күледі ол бүгінде сан қиындықтарының бірін еске оралтып.
Әрине, көп қиындықтың соңында бір жақсылық келетін алма-кезек өмір емес пе. Сүйекең бағымындағы мал етке өткізіп, кеңшардың қолдауымен Атыраудағы ауыл шаруашылығы техникумына түскен шамада, әскер қатарына шақырылатын уақыты да болып қалады.
Құдайыңнан күшті емессің, одан да өтіп оралғанда өзін күтіп қалған трактордың руліне емес, сейсмикалық отрядтың құрамына жазылып, аз-мұз «Азнағұл», «Опорный», «Майкөмген» атты жерлердің жер қыртысын зерттеп, мұнай іздегендер қатарында да болып үлгереді.
Онысын бүгінде Атырау қазақтың мұнайлы астанасы дегенді естігенде ерекше мақтанышпен өзінің үлесін қосқанын айтып шаттанатыны бар.
– Кейін Аманкелді атындағы кеңшарға оралып, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүргенімде басшылық әріптесім Серік Аманов екеуімізді шаруашылықтарға жаңадан келе бастаған «К-700» алып тракторының қыр-сырын оқып үйрену үшін Оралдағы Рубижинскі кентіндегі «СПТУ-114» училищесіне жіберді.
Оқып келген соң кеңшар директоры Жанай Беркалиевтің қолдауымен қара жердің кемесі саналған алып трактордың руліне отырдым. Ұзақ жылдар бойына кеңшардың көптеген науқандық жұмыстарының нақ ортасынан табылып жүрдім,- деген қарапайым механизатор қатары кейін Жақсылық Жұмабаев, Ғиният Досқалиев, Самиғолла, Халиолла Құлбарақов, Мизам Дүйсекенов, Өмір Жұматов, Асқар Исанов, Қапан Ізмағамбетов, Досым Қамешов, өзге де алып техниканы ұршықша үйірген ауылдастарымен толығады.
Бұл алып тракторлардың Елтайдың іргесіндегі екі мың гектарлық дұрыс суландыру жүйесінен дайындалған көкмайса құнарлы жоңышқаны ырғалта тиеп алып, Аманкелді атындағы кеңшардың қыстақтарына күзде қайтқан қаздардай тізбектеле кетіп бара жататыны аңыз сияқты.
Оны да көзбен көріп қоймай, жас болсақ та талай алып тіркемелеріне шөп артушылардың бірі болғанымызды әлі күнге ұмытқанымыз жоқ. Бригадирлер Ихсан Жұлқаров, Қайырлы Құсанов, Табылды Оразмұхамбетов басқаратын пішеншілердің де еңбектері толас таппай жататынын механизатор қимастықпен еске алады.
Одан арғысы белгілі, қайта құру балғасы соғылды. Артынша 90-ыншы жылдардың өзгерістері ауыл жұртына ғана емес, кеңшардың да көп жұмыстарына қайта қарауға тура келген тұста механизатор алып тракторын өзгеге тапсырып, машина-трактор шеберханасында, одан соң комендант, басқа да жүктелген түрлі міндеттерді мінсіз атқаруына тура келеді. Ақырында қоғам өзгеріп, жұмыс та қысқарып, нарық келген тұста қарапайым еңбек адамы қайда барады. Сөйтіп, 1996 жылы Аманкелді атындағы ұжымшары таратылғанда жұмыстан босатылып, мамандығын мүлдем басқа салаға өзгертуіне тура келеді.
Әрине, еңбекпен есейген азаматтың ол жұмысы да өзіне тек қуаныштар сыйлағанын бүгінде жиі еске алады. Өйткені, ауыл жанындағы алма бағын қамқорлыққа алған М. Сиранов атындағы орта мектептің директоры Заһи Ахметжанов оны бағбандыққа шақырғанын да қуана келіскен. Онысы теріс болмапты.
Жасыратыны жоқ, көрген жанның көзін қызықтыратын Елтайдың бұрынғы жиде ағаш аталатын жасыл желекті маңға қоныс тепкен бұл бақтан жайқалып өскен алманың сан түрлерінің дәмін алыс-жақындағы көп адам татты. Кім білсін, бағым-күтімі заман талабына сай жетілдіріле түссе, аумағы кәдімгідей өсіп кетер ме еді, шіркін.
Сөйтсек те бұл істің оңды жалғасындай, бұл бақ сол маңға аудандық «Жас өркен» балаларды сауықтыру лагерінің салынуына себепші болды. Бүгінде бұл лагерьде балалардың жазғы маусымда әсем ән мен күлкісі ғана емес, айналасы да жасыл желекке бөленіп, абаттандырылып, тым-тәуір көркейіп-ақ келеді.
Тіпті Елтай мен Ынтымақ ауылдарының бірқатар жұмыссыз жастарына еңбекке араласуына жол ашқан бұл лагерьдің келешегі де кең бола түскей демекпіз.
Олай дейтініміз, жақында бір кездесуде аудан басшылығы бұл лагерьді барлық маусымда да жұмыс істетудің жоспар-жобалары жасалып жатқанын айтқан-ды. Сәтін салса ол жұмыстың оң шешімін табуына да тілегімізді қосамыз.
Ал осы алма бағы мен лагерьдегі көп жұмыстың қалыптасып, ілгері басуына ауылдағы мектептің басшысы болған Заһи Ахметжанов пен қарапайым тұрғын Сүйінғали Сыдиховтың ерекше еңбек сіңіргенін жерлестері әрдайым ұмытпай, мақтан етіп жүрсе нұр үстіне нұр болмақ.
-Бағбан бола жүріп, талапшыл басшы Заһидің қолдауымен «Жас өркен» лагерінің бастапқы қалыптасу кезеңіне қатынасып, оның айналасын көгалдандыру ісіне үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Еңбегім елеусіз болған жоқ, әртүрлі марапаттарға ие болдым. Зейнеткерлікке жетсем де қоғамдық жұмыстардан шет қалған кезім аз.
Ауылдағы ардагерлер алқасы мен округ әкімі жанындағы қоғамдастықтың мүшесімін. Кезінде ұстаз И.Шахметов ұйымдастырған оркестрдің мүшесі болсам, бүгінде бала кезден досым домбырамды қолға алып, күй шертуден де жалықпаймын,- деген елгезек еңбек ардагері сөзінің астарында шынайы шындық жатқаны кәміл.
Асылы, аға туралы сыр тербегенде, қаншама адамның есімі мен еңбектері еске алынды, «Ауылда қария болса, жазылып қойылған хатпен тең» деген осындайдан айтылған да шығар-ау. Аман болыңыз, қарапайым еңбек адамы, белсенді зейнеткер аға!
С.Халықов