Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов Фариза ақын туралы былай деген екен: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа деген биіктік те ортақ, Жер-Ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін».

Ғабеңнің айтар ойын бірден айқын ұғуға болады. Әркімді жынысына қарай бөліп, қиындық, батырлық, ақындық, небір кереметтердің бәрі ерлердің қана қолынан келеді деп шектеу қоймау керек, әйелдерде де, батырлық, ақындық, парасаттылық мол ұшырасады, соны шын ескерген жөн, өйткені жер бетіндегі бар адамдарға не керектердің бәрі ортақ деген ой ұсынған.

Иә, қазақ әдебиетінде алпысыншы жылдарға дейін әйел ақындардың қаламгерлерінің, әсіресе ақындығына жеңіл-желпілеу қарап, «қыз ақындар ғой» деген көзқарас болып келгені шындық. Олардың жазған шығармаларында, шынында да, жасқаншақтық болғаны рас. Аға сыншылар олардың кем-кетіктеріне жеңіл-желпі қарап, елемей кететін тұстары болғанын жасыра алмаймыз. Оған себеп – қыздардың өздері болатын. Олар әр түрлі тақырыптар хақында онша батылдық көрсете алмай, «ибасақтаумен» болды. «Әлде қайтып кетер» деген күлбілте ой, батылсыздықтың болғаны шын еді.

Сол алпысыншы жылдардың аяқ кезінде қазақтың поэзия әлемінде бір жарқылдаған найзағай ойнады. Бұйығылықты жойып, қыздар поэзиясының аспанында сол жарықты алып келген Фариза болатын. Ол өз жырларымен: «Поэзия бәріне де ортақ. Ерлер поэзиясы, әйелдер поэзиясы деген ұғым болмауы керек» деп атой сала келді. Осы қос поэзия арасындағы «Қытай қабырғасын» Фариза жырлары тас-талқан етті және барлық қыздарды «батыл поэзияға», батыл сөйлеуге шақырды. Ол шындықты ілдалда қылып айтуды, жеңнің ұшынан тамшылатуды қою керектігіне үндеді. Бұл оның өлеңдерінің әр шумағында, әр ырғағында, әр тармағында, бунағында, буынында дүрілдеді.

Қазақ поэзиясындағы бұл жасырылмас шындықты қазақ әдебиетінің тарихы ту етіп көтеріп, әрқашан алға ұстауы керек, себебі бұл – бұлтартпас ақиқат. Фаризаның шындықты шырқырата, батыл айтуынан талай сын да естіді, бірақ ол алған бетінен қайтпады. «Ақын мінезі – өлеңінде» болатыны әдебиет әлемінде баяғыдан белгілі.

«Фаризаның мінезі» деген ұғым Фаризаның өз поэзиясында айқын көрінеді, оның мінезі табиғат сомдап соққан мінез. Ол – батыл, алдаспандай жарқылдаған жарқын мінез. Оның табиғи мінезі поэзиясына дарыды. Жаугершілік заманда Фариза мінездес қыздарымыз бес қаруын асынып, астына мінген арғымағын арқыратып, жауға аттанған.

Майданда ерлік көрсеткен Әлия да, Мәншүк те, Хиуаз да Фариза мінездес десе болады. Бейбітшілік заманда өмір сүрген Фариза адамдар арасындағы бітіспес майданның шайқасына Әлия мен Мәншүк сияқты бас қойды. Ол – поэзияның Жанна д’ Аркі болды.

Мен Гурьев педагогикалық институтының филология факультетінде Фаризамен бірге оқыдым. Оқыған бес жыл бойына бір-біріміздің мінез-құлқымызды танитындай дәрежеде болдық. Оқуды тәмамдаған отыз жеті түлектің ішінде алғашқы курстардан бастап, қаламгерлерде, әншілер де, спортшылар да, саясаткерлер де болды. Тауа-тауа әңгіме соғып, әдебиет жөнінде талас туғызып жататын едік. Сөз өнерімен айналысқандардан аттарын атасам, Нұралы Әжіғалиев, Фариза Оңғарсынова, Қырықбай Бекбаев, Данияр Жәрдемов, Апутан Шоқанов, Ермек Қабдолов және басқалар болды. Олар институт бойынша әдебиет үйірмесіне қатысып, басқа курстың студенттерімен қаламгерлік сайыстарға түсетін. Бәріміз әртүрлі тақырыптарға проза, поэзия хақында мақалалар жазумен айналысатынбыз.

Бұл өнер сайысында жалғыз қыз – Фариза болды. Фаризаға деген көзқарасымыз ерекше болғандығын айтар едім. Ол еш уақытта артық сөз айтпайтын, үнемі ойлы жүретін. Оны басқа қыздармен бірдей көру мүмкін емес еді. Оның бойында бір тылсым, құпия ерекше қасиет барын байқайтынбыз. Басқа қыздармен әзілдесіп жүрсек, Фаризаға келгенде бізді бір құдірет тоқтататын. Оның тұрпаты бөлек еді. Анда-санда бір езу тартқаны болмаса, көп күлмейтін. Әр нәрсеге мән бере, бар ниетімен терең үңілуге тырысатын. Мысалы, бір лекция болмай қалып жатса, көбіне студенттердің қуанып, желпіне бастайтын әдеті ғой. Ал, Фариза болса, «неліктен», «не себепті» деген сауалдармен қобалжи қарап, мұнда нендей жағдай болды деп қалатын.

Фаризаны студент кезіндегі бейнесі: қараторы, шашын әдемі тараған, маңдай тұсындағы шаш биік толқынды, өзіне жарасып тұрады. Адамға жеңіл-желпі қарамайды. Жанарын тоқтатып, ұзақ сынай қарайды. Жанары ақылға тұнып тұрады. Үнемі ой үстінде жүреді. Артық сөз, оқыс, орынсыз қимыл жоқ. Ешкіммен сөз таластырмайды. Өз орнына баппен келіп отырып, баппен тұрады. Лекцияны мұқият тыңдап, мұқият жазады. Жазуы өте әдемі болатын. Сөйлемдегі әр сөз, әрбір әріп қатарда тұрған солдаттардай, бірі ілгері, бірі кейін емес, тізбектеліп түсетін. Осының өзінен-ақ мектепте үздік оқығаны, ұқыпты оқушы болғандығы көрінеді. Сол ұқыптылық студент кезінде де жалғасын тапқан дерсіз. Оқытушының аузынан шыққандарын кейбір студенттер сияқты айдақтатып жаза бермей, керекті, маңызды деген ойларды ғана өз ой елегінен өткізіп, өз сөздерімен жазатын.

Мұғалімге сұрақтарды да жеңіл-желпі емес, ойлап, мәнді, тиянақты сөйлем құрап қоятын. Ұстаз да өзінің айтқандарына қайырыла соғып, терең үңіле жауап беруге мәжбүр болатын. Фаризаның осындай батылдығымен бірге бойында қайсарлық та бар екенін байқадық. Себебі кейбір студенттердің орынсыз айтылған сөздеріне өте суық көзқарас білдіріп, жақтырмай, сұсты қабақпен, тапқыр сөзбен тойтарыс беріп тастайтынын көрдік. Сондықтан біз де айтар сөзімізді Фаризаның алдында аса жауапкершілікпен, қатесіз айтуға тырыстық. Кей жағдайда ренжітіп аламыз ба деп ығысып та жүретін кездеріміз болды. Есік алдында қатар келіп қалғанда, жолды Фаризаға беретінбіз. Әрқашан шешілмей жатқан мәселелер болса, Фариза не дер екен деп, өзіне жалтақтайтынбыз. Ол үлкен толғаныспен өз шешімін (көбіне дұрыс болатын) айтқанда, бәріміз жабыла сол тұжырымға құлайтынбыз.

«Жас қалам» газетінің алқа мүшесі болғандықтан, газетке жариялау үшін өзінен өлең сұрайтынбыз. Сонда ол «өлең жаза алмай жүрмін, өлең жазу өте қиын» деп қалатын. Мұнысы ақындық болмыстың бір құпиясы еді. 

Фариза ерекше ізденгіш еді. Көркем әдебиет оқу мәселесіне келгенде, оның қолынан ешқашан кітап түспейтін. Орыс, шетел және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үнемі қолы құрғап көрген емес. Орыстың Ломоносов, Жуковский, Державин, Пушкин, Лермонтов, ХХ ғасырдағы аса талантты  жас ақындары Роберт Рождественский,Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Белла Ахмадуллина, шетел әдебиетінен Шекспир, Драйзер, Бальзак, Гете, Лондондар; қазақ әдебиетінің көрнекті һкілдері Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден; Тайыр, Қасым, Хамит, Ғали, Әбулер; жас жазушылардан Зейнолла, Сафуан, Әбдіжәміл, Тахауи және тағы басқалардың шығармаларын бәрімізден бұрын түгел  оқып алушы еді. Емтихандарда Фариза асықпай, ойналып-толғанып, айтар жауабында мұғалім қанағаттанатындай фактілер келтіре отырып, билет сұрақтарына жауап беретін.

Студент Фариза осындай еді.

Бұл естелікті жазу арқылы мен Фаризаның батылдығын, алдына қойған мақсаттан таймайтын қайсарлығын, ұқыптылығын, мінезділігін, керек десеңіз қажет кезде көрсетер батылдыққа дайындығын, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығын айту еді.

Ақын өзінің мінезін қазақ поэзиясына дарытты. Фаризаның қай өлеңін оқысаңыз да Махамбеттің қайсарлығын, Абайдың ойшылдығын, Қасымның батылдығын, Мұқағалидың лиризмін көресіз. Осындай табиғатымен ол қыздар поэзиясын ер ақындар қызығатындай шырқау биікке көтеріп әкетті.

«Өлеңім, өзіме тарт» деп Қасым айтқандай, Фариза Қасым сияқты ұрандамай-ақ, өлеңдерін өзіне тартқызды десе де болады. Ақын поэзиясын зерттеушілер бірі оның лирикасына нәзіктік тән десе, бірі асқақ, өршіл үнді дейді. Бірақ мынаны ескеру керек: Фариза жырларында мұң бар – қыз мұңы, әйел мұңы, ана мұңы; терең махаббат мұңы бар. Мұң бар жерде, махаббат бар жерде нәзіктік болады. Фариза поэзиясында өрлік, асқақтық та бар. Себебі Фариза – батыл, батыр, ешкімнен сескенбейді. Шындықты айтады. Ол ешкімнің алдында жалпақтамайды, айтатынын бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтады. Ақын жырлары арқылы қайғырса да,  мұңайса да, қуанса да, шаттанса да, мақтанса да – бәрі шынайы. Төгілген алуан түрлі күйімен өлең өресіне түсіреді. Ақын сезімі өлеңде кейде лапылдап жанып тұрса, кейде сақырлаған сары аяздай қарып тұрады. Адуын асау тұлпардай дауылға қарсы асқақтай шабатын мінезі тағы бар. Бәрі де жүректен шығып, жүрекке жетпей тынбайды.

Біреудің пасықтығынан,

Біреудің жасып мұңынан,

Жүрегім сыздаған кезде,

Жаным мұздаған кезде,

Мен сені саялаймын.

Міне, бұл шақта ақынның асқақ жырларына таң боласыз. Әділетсіздікке қарсы қайсар қаруы өлеңімен асқақтайды.

Біреудің күлкісін көріп,

Бақытының түр-түсін көріп,

Шаттанып қалған шағымда,

Жеткендей арман-сағымға,

Қуаныштан дірілдеп денем,

Алдыңа күлімдеп келем.

Мұндай шақта ақын шалқар шабытқа ие болады. Мұнда көңілі шалқыған ақын қуаныштан жүрек түбіндегі асылы мен алтынын шашады.

Ажалмен айқасқан сәтте,

Қыршын жас көз ілгенін көріп.

Кешегі доспын дегеннің минутта жерінгенін көріп,

Кімнен өшімді аларымды білмей

Кімдерге кіна тағарымды білмей,

Алдыңа лапылдап келем,

Жарылуға жақындап келем.

Ақынның қаһарына мінген шағы осы кезде көрінеді. Осы кезде туған жырлары тот баспаған алдаспандай жарқылдайды. Өлеңнің буырқанған күшін сонда сезінесіз.

Ақынның қаруы – жыры. Ақынның тірегі – өлеңі. Ақынның досы – өлеңі. Ақынның мұңдасы – өлеңі. Сондықтан «өлеңмен қоштаспайды». Себебі өлең:

Күлкімді, жайлы, күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды,

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып,

О баста көріскенің үшін

Өлең, мен сені аялап өтем!

Рас, Фариза өз өлеңін аялап өтті. Өлеңі де Фаризаны аялады. Оның өлеңдерін оқыған кезде әр оқырман Фаризаны көз алдына елестетеді. Оның бірде жарқылдап қабағынан күн туғандай күлімдеген жүзі көрінсе, бірде қабағы қарс түйіліп, бірде көзінен от жалындап алдына келгенді жұлып тастайтындай айбатты көрінеді. Міне, бұл – Фариза. Жылдың төрт мезгіліндей құбылған Фариза. Бұлай құбылу әр адамда болады. Ал Фаризаның – «сөз асылы», «сөз патшасының» тағында отырып құбылуы ақынның табиғаты.

Фариза поэзиясында ақынның бүкіл болмысы түзілген. Ақын өмір шындығын басынан кешкенін, көргенін, түйгенін, тарихтан меңгергенін өлең атты өнерге айналдырған. Ол ақындар көбіне бара бермейтін тылсымдарға ерекше батылдықпен қойып кетеді. Байқалмайтын, адам ойының қалтарысында жататын ғажайыптарды аса үлкен қырағылықпен көріп, көзінің өткірлігімен, фантазиясының ұшқырлығын көрсетеді.

Ақындағы ішкі бұлқыныс – өмір шындығының және дәуір рухының атойлауы. Ол шындықтың, дәуір рухының өлең болып,  өмір табу үшін сыртқа, жарық дүниеге шығуы таланттың ішкі байлығы мен келеңдігін, диапазонын білдіреді.

Өнердің, әсіресе поэзияның алдына қойған мақсаты – тіршілік дүниеде кейде қаннен-қаперсіз жүрген адамдардың санасына жарық сәуле түсіру, дән себу. Сонымен бірге шетсіз де шексіз өмірдің асқан сұлулығы мен құдіретін түсіне білуге, түйсіне білуге үйрету. Егер поэзия осы міндеттерді атқара алмаса, онда қуат-күші арындаған өлеңді күту де қиын. Фариза поэзиясы – осындай ғажайып мақсат-міндеттерді мүлтіксіз атқарған поэзия. Ақын болмысымыздағы, табиғат пен ақыл-ой әлеміндегі алуан-алуан жарқыл, неше түрлі құбылған сәулелерді өзінің сансыз қырлы спектрінен өткізіп, сол табиғаттан алған күйінде таратпай, оларды сансыз сынықтарға бөліп, жүрегінің «мың градустық» ырғағына салып, лапылдаған қызуымен шуақтандырады.

Ақын өз басындағы сипат-сырларды бүкіл адамзат баласының ортақ дүниесіне айналатындай етіп көтереді. Азаматтық лирика мен интимдік лириканың құбылыстарының шекарасын бір-біріне ұластырып, әлемдік поэзия жүйесіне айналдыру – Фариза поэзиясының ешкім тартып ала алмайтын қасиеті. Оның сезіміндей тек өзіне тән сезімді басқадан айқын ажыратамыз. Ал туған жерге, анасына, достарына, сүйгеніне, мынау өмірге арналған жырларымен жаныңды елжіретеді, сүйсіндіреді, арман дүниесіне енгізеді, шаттандырады, жылатады.

О, туған жер, кеңпейіл құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш ағынмен,

Сағынышымды қанат қып саған қарай,

Балапандай талпынып ұшамын мен.

Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын,

Сені қалай сүюдің керектігін

Мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Рас-ау! Туған жерді сүюді адам кітаптан оқып үйренбейді. Әр адамның туған жерге деген сезімі ерекше, өзіндік. Басқа ешкімде ондай сезім болмайтыны шындық.

Ана,

Жалғыз арқалап тағдыр жүгін,

Кең әлемде өзіңсіз қалдым бүгін.

Сен ұйқыдан оянып қарсы алушы ең,

Алғашқы таңның нұрын…

Көк орманды бұлбұлмен үндес едім,

Жесірдеймін тарқатар түнде шерін.

Өмір кешіп қалғандй жұртта жалғыз,

Жырыммен тілдесемін.

Анадан айырылу қандай аянышты десеңізші!

Анасынан айрылған әр оқырман ана туралы төгілген ақынның осы өлеңінен өзінің де мұңын сезетінін көріп, өлеңнің әлемдік аренаға шыққандығын білеміз. Адамзат баласына ортақ дүниеге ақынның сансыз жүрек поэзиясының перзенттері осылайша айналды. Оны ақынның өзі де айқын сезді, әйтпесе былай демес еді:

Зула, менің  жыр-күймем, шабыт жегіп!

Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп.

Жүректердің құрсауын ағыт келіп,

Зорлықтардың зардабын шеккендерге

Әділеттен сыбаға алып беріп.

ХІХ ғасырда интимдік лириканы тұңғыш рет қазақ поэзиясында Абай бастаған еді. Ол қыз бен жігіттің бір-біріне деген ынтық сезімдерін өлеңге түсіріп, лирикада үлкен жаңалық ашқан болатын. Интимдік лириканы ХХ ғасырда өз поэзиясының аясы еткен басқа ақындар да қаулап шықты. Бір кезде жұрт Тұманбай Молдағалиевті «махаббат ақыны» деп атаған еді. Одан Қадыр Мырзалиев те, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Темірхан Медетбеков те қалысқысы жоқ. Бірақ бұлардың біреуі де Фариза сияқты қыз психологиясының ғажайып тылсымдарына тереңдеп бара алмады. Қыздың сүйіспеншілік сезімінің алуан тылсым сырларын ашып берген ақын Фариза болды десек, ешбір қателеспейміз. Бұл пікірімізді қай-қай поэзия зерттеушісі де, поэзия сыншылары да жоққа шығара алмайды. Фариза сияқты қазақтың ақын қыздары да ондай батылдыққа бара алмады.

Алыстарға кетейік,

Қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,

Ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.

Сен ғажайып ертегілердің батыры

Астындағы арғымақ атпен апталық жолды бір аттар.

Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,

Дозақ боп сенсіз көріксіз тіпті жұмақ та!

Өңгеріп мені ап кетші –

Көп армандарға – тылсымын аяқ баспаған,

Түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.

Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге

Сенің екпініңнен қашқан аң,

От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінсін –

Жалғыз өзіңнен басқа адам.

Ақын Күләш Ахметова: «Қанша үйреніп, қызыққанмен, бұл – әлі басқа қыздар жаза алмаған бұла тілек, бұрқанған жүрек әмірі. Сүйген жарының алдында шын сырын айтып, жалынып, жылап тұрса да аласармайтын биік, жасымайтын жасын бейне-лирикалық кейіпкер-сыпайылық, ибалық шегінен асып кеткен әдепсіз қыз емес, ақынға жарасатын адуын мінез бен халықтың өзінде бар қасиет – пердесіз жас наз көңіл иесі, ел еркесі».

Күләш ақын дәл айтқан. Махаббат құшағындағы адамдардың сезім-күйлерінің шын суреті мына шумақтарда анық көрінеді. Мұны тек Фариза ғана жаза алған.

Батылдық та күтпеген, жүрекке ізгі

Сені маған жіберген сүйікті етіп.

Менің балғын денемді дір еткізді

Қолдарың тиіп кетіп.

Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем.

(бір бұлқыныс басталды іште керім)

Ашуланған кісі боп бұлқынғанмен,

Құшақтай түссе дедім.

Адам деген бақыттан тұншығады, ә,

Шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –  

Ай жатыр шалқасынан.

Осындай шынайы суретті неге жазасың деп кінәлауға бола ма? Бұл махаббатты құдірет дәрежесіне дейін көтеруге батылдығы жеткен ақынның асқақ ақындық шеберлігі.

Интимдік лириканы шырқау биікке көтере білген, махаббат сезімін қалай жырлаудың үлгісін көрсеткен Фариза – өз ғасырының ғажайып суретшісі десек керек. Ақын поэзиясын түгел қамтып айтуға бұл мақаланың қауқары жетпейді. Бұл  ақын туралы үлкен монографияның үлесі. Фариза поэзиясының сандаған қырын ақынның он томдық шығармалар жинағын оқып, тұшынған адам ғана ұға алады.

Фаризаның махаббат, табиғат, көңіл-күй лирикаларының теңізінен, поэзияның қалың джунглиін аралап тамашалау – әр оқырманға бір ұлы ғанибет. Оның шығармашылық болмысында тарихи-әлеуметтік тақырыптар баршылық. Әсіресе көбірек байқалатыны әрлі-берлі заманда да қазақтың әйел батырларының, ақындарының, данышпан ойшылдарының, еңбеккерлерінің  тұлғасы.

Фариза поэзия мазмұнына да, пішініне де көптеген жаңалықтар енгізгендігі жөнінде зерттеушілер тілдеріне көбірек тиек етті. Қазақтың он бір буынды қара өлеңінің, 7-8 буынды өлеңдердің шырайын кіргізген ақындардың бірі Фариза екендігі айдай әлемге айқын. Ақын өлең ұйқасының үндесуінде үш буын, төрт буынмен ғана шектелген жоқ. Ал өлеңді бес, алты буыннан ұйқастырған жаңашылдығы өлеңдерінде анық көрінеді.

Мына шумақтар оған дәлел бола алады:

Аттанған шақта ол шар тараптарға,

Сұраңдар одан қолқалап бар да.

Қуаныш қандай болатындығын

Шұрқырап тыңнан фонтан атқанда.

Немесе:

Елсізден  елге сый арнап жүргендер,

Үстіртке қонып қияннан өргендер.

Білмесең егер сұраңдар не деп,

Қиындық дегенді қиялда көргендер.

Осы екі шумақтың алдыңғысының соңғы бунақтары бес буыннан, екінші шумақта алты буыннан ұйқасқан. Бұл – Фаризаның өлең пішініндегі жаңалықтарының бірі ғана.

Фариза ХХ ғасырдағы қазақ әйелінің бейнесін поэзиямен өрнектеп, піл сүйегінен ойып қашағандай етіп жасаған ақын. Қыз бейнесін, әйел бейнесін: ақынын да, батырын да, әншісін де, бишісін де, маңдай терін төккен еңбеккерін де өшпестей етіп, қазақ әдебиеті тарихындағы көркем тұлғасын сомдады. Кейінгі ғасырлар ХХ ғасыр әйелін көз алдарына Фариза поэзиясы арқылы айқындап қана қоймайды, тірі бейнедей көреді.Фариза поэзиясы поэзия гүлдерінің алуан түрін, ол гүлдердің жұпар иісі мен нәзік болмысын құлпыртқан поэзия. Фариза поэзиясы – қазақ поэзиясына Махамбеттің батырлығын, Жанна д’Арктің ерлігін дарытқан поэзия.

                                                            Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

                                                            университетінің профессоры, ф.ғ.д.