Орал қаласында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, жазушы Хамза Есенжановтың 115 жылдығы тойланды.

                                      «Ақ  Жайық» – француз  тілінде

         Ең әуелі облыс орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы қаламгер мүсінінің жанында поэзия сағаты өтті. Поэзия сағатында академик, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, жазушының немере інісі Айтқожа Биғалиев ағасының өте мәдениетті, еңбекқор жан болғанын айтты.   

– Біртуар тұлға әділетті қоғамды аңсады. Жиырма жылға жуық уақытын абақтыда өткізсе де, соңына өшпес мұра қалдырды. Ол түрмеде отырған шағында Акиматский деген дворяннан француз тілін үйренген. Кейін Францияға барған уақытында «Ақ Жайық» романын француз тілінде жазып қалдырды. Ол шындықты нақты деректерге сүйеніп айтты. Өзі өмір сүрген замандағы адамдардың жан толқынысын ашып көрсетті. Қазіргі таңда оның жүйелі түрде зерттеліп жатқан шығармаларын оқу, іргелі шет тілдеріне аудару – жас ұрпақтың міндеті, – деді Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, қаламгердің келіні Дина Есенжан. Содан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған іс-шара қонақтары, қаламгердің туыстары қабырғалы қаламгердің мүсініне гүл шоқтарын қойды. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртісі Азат Мыңбаев монолог оқып, жазушының тұлғалық болмысын аша түсті.

Поэзия сағаты барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов «Хамза Есенжанов – ұлы заман тұлғасы» атты шығармашылық байқау жеңімпаздарын марапаттады. Балалар мен жасөспірімдер арасында үш аталым бойынша ұйымдастырылған байқауда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ден астам өрен бақ сынаған. Байқау  нәтижесінде Шайдолла Нұрмұхамбеттің (Жәнібек ауданы) өлеңі үздік деп танылса, «Проза» аталымында Алмагүл Оразғалиева (Шыңғырлау ауданы) жеңімпаз атанды. Ал Дина Раманқұлованың (Шымкент қаласы) салған суреті қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сайыста белсенділік танытқандар «Жүйрік қалам», «Үздік поэзия», «Үздік сурет» аталымдарын иеленді.

«Биғайшаның» тұсауы кесілді

 «Атамекен» өнер ордасында «Жаңа Қазақстан: ХХ ғасырдағы әдеби-тарихи үдеріс және хамзатанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиналған үлкен-кішінің назарына алдымен «Ақ Жайығын аңсаған азамат» кітап көрмесі мен «Пайымды парасат иесі» фотокөрмесі ұсынылды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр жүргізген алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, жазушының немересі Хәкім Әлиханұлы мен бірқатар туысы қатысты.

– Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер есімі бүгінде баршаға таныс. «Ақ Жайық» трилогиясында, «Ағайынды Жүнісовтер» романында халықтың тұрмыс-тіршілігі, басынан кешкен нәубеті бейнеленген. Саналы ғұмырын әдебиетке арнаған тұлғаны дәріптеу, оны өскелең ұрпаққа насихаттау, жалпы асыл азаматтардың мұрасын көздің қарашығындай сақтау – басты парызымыз, – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қаламгердің ағайындарына сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар «Дархан дарын» атты фотоальбом мен жазушы 1972 жылы қағазға түсірген «Биғайша» үш актілі драмасының тұсауы кесілді. 

– 1957 жылы қазақ руханиятында үлкен сенсация болды. Өйткені «Ақ Жайық» трилогиясының бірінші томы жарыққа шықты. Бұл шығарманы Мұхтар Әуезов «Еуропалық үлгіде жазылған алғашқы роман» деп бағалаған. Хамза Ықсанұлымен тілдескен жан қазақтың қандай ұлт екенін сезінеді. Қазақ бар жерде – «Ақ Жайық» бар, қазақ бар жерде – «Ағайынды Жүнісовтер» бар, – деді Мереке Құлкенов.

Конференция барысында ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Айтқали Нәріков Хамза Ықсанұлына арнаған өлеңін оқыды. Дина Есенжан жазушының өмірі жайында сыр шертсе, Айтқожа Биғалиев «Қуғын-сүргін – Хамза Есенжанов – Ақ Жайық – Құныскерей» тақырыбында сөз өрбітті. Өз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова қаламгер туралы тың деректерді тілге тиек етті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Азамат Мамыров «Хамза Есенжанов шығармашылығы: дәуір, өңір суреттерінің көркемдік кеңістігі» тақырыбында ой толғаса, тарихшы, хамзатанушы Сайлау Сүлейменов жазушының қаламдастары мен замандастарының естеліктеріне, қаламгерлік ерекшеліктеріне тоқталды.

– Хамза Есенжанов қазақ тарихи прозасын жаңа биікке көтерді, тарихшылдық дәстүрді жандандырды. Тарихшылдық дегеніміз – ең алдымен жалпыхалықтық оқиғалар мен жеке адамдар тағдырлары арқылы көрінетін қоғамдық дамудың басты үдерістерін дәл бере білу. Қаламгер шығармаларында шындық пен шеберлік хас сұлудың қос бұрымындай қатар өрілген, – деді «Ақ Жайық» трилогиясының тарихи-әдеби құндылығы және этномәдени әлемі жөнінде сөз өрбіткен профессор  Мұрат Сабыр.  

Конференция соңында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Қайырханов «Ақжайық елім» атты әнді шырқады. Іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтар Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы «Ұлы дала» саябағында орналасқан  Хамза Есенжановтың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Содан соң Сырым ауданындағы Жұмағазы хазірет кесенесіне зиярат етіп, аталған аудан орталығындағы «Алаш» музейінің жәдігерлерімен  танысты.

Саңлақ  суреткер  Сарыөмірде  ұлықталды

 Қыркүйектің 22-сі күні той Теректі ауданының Сарыөмір ауылында, Сасай тауының етегінде жалғасты. Ең әуелі, қонақтарсол ауылдағы Хамза Есенжанов атындағы мектепке барды. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар өңір қаламгерлерінің патриоттық тақырыптағы өлеңдерін оқыды. 1987 жылы пайдалануға берілген бұл үш қабатты білім ошағында бүгінгі таңда 50 ұстаз 250 оқушыға білім беруде.

Ұстаздар және үлгілі, өнерлі оқушылар мерейтой меймандарына Хамза шығармашылығын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Мектеп дәлізінің қабырғаларына қаламгердің қанатты сөздері ілінген. Біраз жылдан бері үздік оқушыларға 20 000 теңге көлемінде Хамза атындағы шәкіртақы беріледі екен. Жыл сайын жазушының өмір жолын үлгі ету мақсатында жасөспірім ақындар мүшәйрасы өткізілетін көрінеді. Дебат ойындары барысында да оқушылар «Ақ Жайық» трилогиясы туралы ой-пікірін ортаға салады. Ал мектеп мұражайында құнды жәдігерлер сақтаулы. Оқушылар ауыл тарихы, табиғаты хақында әңгімелеп, заңғар жазушының тұтынған заттары, естелік суреттері жайында біраз ақпарат айтып, мектептің әнұранын мұғалімдерімен қосыла шырқады. Сонымен қатар Хамза Есенжановтың жұбайы Софияға жазған хаттары негізінде шағын қойылым сахналанды. 

         Сарыөмірдегі той салтанатты іс-шараға, дала қызықтарына ұласты. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қаламгердің туыстарына сый-құрмет көрсетіп, аудан жұртшылығы атынан жазушының немересі Хәкім Есенжанға ат мінгізді.

– Қазақ өзінің елжанды тұлғаларын қай кезеңде де, қай заманда да ұмытқан емес. Хамза Ықсанұлы «Ақ Жайығым» халқыма жеткеннен кейін өліп кетсем де арманым жоқ» деген екен. Ол бар болғаны жиырма жылдай шығармашылық жұмыспен шұғылданды. «Ақ Жайық» – революциялық роман емес, «Ақ Жайық» – қазақтың өмірі, қазақтың тағдыры, қазақтың басынан кешкен азабы туралы роман. Сондықтан Хамза Есенжанов тек Батыс Қазақстанда емес, еліміздің барлық өңірінде ұлықталуы тиіс, – деді Мереке Әбдешұлы. Өз кезегінде тойдың Айтқожа Биғалиұлы бастаған басқа да қонақтары ізгі ниет-тілегін ақтарды.

Теректі ауданының орталығындағы спорт клубы басшысының міндетін атқарушы Өтеген Ғабдолұлының мәлімдеуінше, дала қызықтарын ұйымдастыруға, жүлделерді тағайындауға аудан әкімдігі мен жерлес кәсіпкерлер қолдау көрсеткен.

Сарыөмірлік Ердос Ахановтың тұлпары топ бәйгеде, ал Арсен Ареновтың қылқұйрығы тай бәйгеде алдына қара салмады. Асық атуда теректілік Бақдәулет Исламқұл үздік көрінді. Қазақ күресі бойынша жымпитылық Нұрымжан Ғаббасовтың жамбасы жерге тимеді. Арқан тартыста Бөрлі ауданының командасы алға шықса, аударыспақ бойынша ақжайықтық Қайнар Қосмағұлов жеңіске жетті. Ал тасқалалық Эльнар Жанболатұлы қой көтеруден бірінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

– Қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілі, ұлтымыздың болашағын ойлап, жылдар бойы өз халқының тарихын  түгендеуге атсалысқан ардақты азамат Хамза Есенжановтың 115 жылдығын атап өтіп жатқан ағайынға көп-көп рақмет! Жасы үлкендер жағы жақсы біледі, өмірден озған мұсылман баласына керегі – біздің бағыштаған дұғамыз, оқитын Құранымыз. Ал жер басып жүргендерге мұндай той не үшін қажет?! Ең бастысы, мына құлын-тайдай әрмен-бермен шауып жүрген балалар ертең ұлы мәртебелі отанымыздың тәуелсіздігін баянды ететін, мемлекеттілігін нығайтатын тұлға болып қалыптасуы үшін қажет. Міне, мұндай тойдың мұраты, ең басты ғибраты осы. Өздеріңізге мәлім, абақтыға жабылғанда, 17 жыл Сібірге айдалғанда отағасын, арқасүйер азаматын София анамыз жалғызсыратпай, жанын жүдетпей, соңынан іздеп барып, басына түскен, басына үйірілген қайғы-қасіреттің, қара бұлттың сейілуіне демеу болған. Қазақтың аналары қандай десе, София апамыздың өнегелі өмірі тілге тиек етуге, сөзге өзек етуге әбден лайық, – деді жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин. Сонан соң ол Хамза Есенжановтың шығармашылығын насихаттау бағытында ұйымдастырылған аудандық байқау жеңімпаздарын марапаттады. Байқауда Ақсәуле Ихсанова («Мәнерлеп оқу» аталымы, Федоров жалпы орта білім беретін мектебі), Әсем Жанболатова («Сурет салу» аталымы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті), Айдар Кәрімов пен Карина Жұмашева («Сахналық қойылым» аталымы, Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебі) тең құрбысының алды болды.

                   Хамзатану  орталығы  жұмыс  істеуде

Саңлақ суреткерді Сарыөмірде ұлықтағандар облыс орталығында орналасқан Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасына арнайылап соғып, жүзеге асырылып жатқан жоба-жоспарлармен танысты. «Хамза қырандары» әдеби зияткерлік бірлестігінің мүшелері мен кітапхана оқырмандары қаламгердің туыстарына жазушының өміріне, шығармашылығына қатысты сұрақтар қойды.

– Кітапханамызда 2019 жылдан бері Хамзатану орталығы жұмыс істеп келеді. Осы кезге дейін орталықта біраз ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 2021 жылы арнайы бөлме жасақталып, жазушы кітаптары, түрлі естеліктер, фотосуреттер және облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынған құжаттардың көшірмелері қойылды. Хамзатану орталығын насихаттауға және оның жұмысын жетілдіруге Құспан Ғұмарұлы, Мұрат Бөкенбайұлы, Дина Әнесқызы сынды ғалымдар жүйелі жәрдемдесіп отырады. Ал «Хамза қырандары» әдеби зияткерлік бірлестігі алдағы уақытта Хамза Есенжановтың бір кітабын түрік, қырғыз тілдеріне тәржімаламақ ниетте. Басқа да ауқымды жобаларды қолға алып, сметалық құжаттарды әзірлеудеміз, – деді Х.  Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Есіркепқызы.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *