Кітапханамызда Хамза Есенжановтың 115 жылдығына орай қаламгердің шығармаларын насихаттау мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Кітаптарын оқып, оқырмандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз.

Жуық арада өзім парақтап шыққан бір кітапқа тоқтала кетейін. Қадау тұлғаның үздік шығармасының бірі – «Ақжайық» трилогиясы өте әсерлі туынды екен. Бұл туындыда жазушы туған өлке тарихының тереңіне сапар шегіп, өзені тулап аққан сулы да нулы өлкедегі көркем табиғатты толық ашып көрсете білген. Сондай-ақ өткен ғасырдағы Совет үкіметі құлаған кезең де Хамза Ықсанұлының назарынан тыс қалмаған. Қазақтың жеріне қызыға көз алартқан уақытша үкіметке келген генералдар мен казак атамандарының озбырлық іс-әрекеттерін ашына суреттеген.

Жеке басында жері жоқ, боярларға жалданып егін егіп, күнін әрең көріп жүрген орыс мұжықтарын пойыз вагондарына малша тиеп, кердері, тама жайлаған Жайықтың оң жағалауындағы игерілмеген жазық далаға әкеліп тастаған. Орыс мұжықтары қолға кетпен алып, егін егіп, орақпен шөп шапқан, мал шарауашылығымен де айналысқан. Алғашында олар жергілікті тұрғындармен тіл табыса алмапты. Кейін татуласып, бір-бірімен араласып кеткен көрінеді.

Қазақ жеріне отаршыл үкімет отряды келіп, әскерге жарамды адамдарды, мініс аттарды, ақшаны алып кетуге оқталғанда орыс шаруалары татулық тамырын тереңге жайып, тірлік күші – бірлікте екенін көрсетті. Бұдан жазушының қазақтың бауырмал халық екенін жеткізгісі келгенін аңғарамыз. Ел ертеңін ойлаған Хамза Есенжанов аталмыш туындысында келісім мен татулықтың мән-маңызына тоқталып, өскелең ұрпаққа өсиет айтқандай. Осындай аласапыран заманды, келмеске кеткен, тарих қойнауына сүңгіген сәттерді көз алдымызға әкелген бұл туынды, әрине, асыл мұра, құнды қазына.

Жалпы Хамза Есенжановтың щығармаларынан оның туған өлкеге деген риясыз махаббаты байқалып тұрады. Бір кездері халықты қараңғылықтан алып шығу қиынға соқты. Ел кімге сенерін білмеді. Зиялы қауым өкілдері түрмеге тоғытылды. Соның бәрі жазушыны көп толғантты.

«Ақ Жайық» трилогиясындағы оқиға желісі тартысқа толы. Кітапты парақтап отырып, тарихты білмей жоба-жоспарымызды нақтылау мүмкін емес екенін ұғынғандаймын. Осы бір ғажайып шығарма зерттеуді қажет етеді. Мұны жастар көбірек оқыса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Эльбрус ҚАРЕКЕНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *