Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Айтқали Нәріков пен мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы БҚО филиалының төрағасы, еңбек ардагері Айдар Батырханов келді. Олар «Қадыр хақында» жобасының қонағы болып, ақын жайлы естеліктер айтып, қаламгердің ерекше қасиеттері жайлы сөз қозғады.
– Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерімен мектеп табалдырығында жоғары сыныптарда оқып жүрген кездерімде таныстым. 1965 жылы шілде айында Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов пен оның орынбасары Жұбан Молдағалиев бастаған ақын-жазушылар Батыс Қазақстан облысына табан тіреді. Солардың қатарында Қадыр ақын да болды. Мен оны сол кезде алғаш рет көрдім. Оның «Ой орманы» атты кітабын қызыға оқып, ерекше әсер алдық. Осы жинағынан кейін қаламгер бірнеше кітабын жарыққа шығарды. 1995 жылы Қадыр ақынның 60 жас мерейтойы Сырым ауданында тойланды. 2010 жылы күзде 75 жас мерейтойын атап өтпек ниетте Қадыр ақын қаламдас достарымен бірге Оралға келді. Облыстық драма театрда тебірене сөйлеп, көзіне жас алды. «Қартайып қалдым ба, білмеймін, соңғы кезде көңілшек болып кеттім» деді сол сәттерде. Сырым Датұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін Қадыр ағаға: «Қанша келсеңіз де, сізбен суретке түсудің сәті түспепті» деп оны фотоға түсуге шақырдым. Сол кезде түсірілген сурет біздің ең соңғы суретіміз екен, – дейді Айтқали Нұрышқалиұлы.
Айтқали Нәріков Қадыр Мырза Әлидің өзінің шығармашылық шеберханасы жөнінде ешкімге ашық айтпағанын, қаламгердің әлі де жарияланбаған, кітапқа енбеген туындылары бар екеніне іштей иланатынын тілге тиек етті. Айта кетейік, 22 қаңтар – Қадыр атамыз дүниеден озған күн. Ақынды еске алу – біздің басты міндет-парызымыз.
– Қадыр ағамыз – ұлттың ұлы, қайталанбайтын тұлға. Ұлы адамдар жөнінде естелік айту оңай шаруа емес. Ол өз оқырманын өзі тәрбиеледі. Қадекең қарапайым еді. Жасын, атақ-даңқын бұлдаған кезі болған емес. Әңгімелерін әзілге айналдырып айтып, айналасындағылармен тез тіл табысатын. Депутаттық қызметті де адал атқарды. Ұлттың салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, жалпы қазаққа қажет құндылықтар жайлы біраз дүние жазды. Мен ол кісімен 1977 жылдары таныстым. Содан кейін тығыз қарым-қатынас орнаттық. Жылына кем дегенде 1 мәрте елге келетін. Әлденеден көңілі қалса, сездірмеуші еді. Әлденеге риза болса, балаша қуанатын. Ұрпағына ұшан-теңіз мұра қалдырған қаламгерді өлді дегенге сену қиын. Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиев қашанда шығармашылық байланыста болған. Кейбіреулер екеуін араздастыруға тырысқан. Қадекең Тұманбай ақынға арнаған өлеңінде:
«Тұлғасың сен де, ірісің,
Аз арғымақтардың бірісің.
Біз алмайтын қамал жоқ,
Батыраштар да амал жоқ.
Аясаң мені аман бол,
Жалғыз шапқаннан жаман жоқ» дейді. Қадекең дүние салғанда
Тұмағаң жылап тұрып сөйледі. Жалпы Қадыр ағамыз шаршағанын білдірмейтін. Оның еңбекқорлығы бәрімізге үлгі, – дейді Айдар Тапашұлы. Сонымен қатар Айдар Батырханов Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттап жүрген орталық ұжымына ризашылығын білдірді.
Марлен ҒИЛЫМХАН