Орал қаласындағы Достық үйінде «Тіл шебері – 2022» атты жас мемлекеттік қызметшілерге арналған облыстық зияткерлік байқау өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқау үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында оздырылды.

Өңіріміз бойынша 21-30 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер іс-шарада белсенділік танытып, жан-жақты білімді екендерін көрсетті. Байқауға облыс бойынша 8 мемлекеттік қызметкер қатысты. Қатысушылар 15 маусымға дейін tdb_oral@mail.ru  электрондық поштасына жеке куәліктің көшірмесі мен өзінің мемлекеттік қызметші екенін растайтын анықтаманы өтінімге қоса жолдаған.

Жарыста М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің шетел тілі кафедрасының аға оқытушысы, магистр Эльмира Өтемісова, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің орыс филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, магистр Райхан Макулова, «Орал өңірі» газетінің бас редакторының орынбасары Алтынбек Ермекқалиев, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, философия докторы Айдарбек Ақболатов және облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева қазылық етті.

– Мемлекеттік қызметшілер халықтың сенімін ақтап, ұлттың абыройын асқақтату бағытында жұмыстануда. Елімізде жүргізіліп жатқан бастамаларды алға бастыратын да солар. Бұл шығармашылық байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді анықтау және қолдау, қоғамның белсенді жастарын ынталандыру, олардың бойына отаншылдықты, еңбекқорлықты сіңіру бағытында ұйымдастырылып отыр. Білім сынға түсетін додаға бақ сынауға бел байлағандардың сәттілік серігі болсын! – деген Света Қадырбайқызы белсенділік танытқандары үшін байқауға қатысушы жас мемлекеттік қызметкерлерге алғыс білдірді. 

Жарыс үш кезең бойынша өткізілді. «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, негізгі атаулы даталар, қазақ жері және оның аймақтары бойынша экраннан тақырыптар көрсетілді. Мемлекеттік қызметшілер берілген тақырыптар бойынша үш тілде ой өрбітті. Байқау шартында көрсетілгендей, бір тілде айтылған ой екінші тілде қайталанбауы керек болатын. Қатысушылар ойын қазақ тілінде бастап, орыс тілінде жалғастырып, ағылшын тілінде аяқтады. Оларға тақырыпты толық ашуға 3 минут уақыт берілді.

«Сөзтанымда» қазақ тілінде жазылған мақал-мәтелді оқып, оның орыс және ағылшын тілдеріндегі баламасын немесе аудармасын айту керек болды. Қатысушылар мақал-мәтелдің мағынасын қазақ тілінде 2 минут уақыт ішінде ашты. «Ойтаным» кезеңінде ұсынылған 5 тақырып бойынша мемлекеттік тілде көлемі бір бет болатын эссе жазылды. Эссені жазуға 15 минут уақыт берілді.

– Осы бағыттағы байқауларға бұрыннан қатысып жүрмін. Былтыр «Хабар» телеарнасында өткізілген «Асыл қазына» интеллектуалды сайысына қатысып, жеңімпаз атандым. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерімізді, тарихымызды білуге тиіспіз. Мектепте оқу үлгерімім жақсы болды. Ағылшын – менің ең сүйікті пәнім еді. Ұстаздарым да соны байқап, маған бағыт-бағдар берді. Статистика бойынша, әлемнің 80 пайызы ағылшын тілін біледі. Көп тіл білудің адамға пайдасы зор. 2010 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітірдім. 2015 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тәмамдадым. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, «Адами ресурстарды басқару магистрі» атандым. Академиядағы оқу үш тілде жүргізілді. Мемлекеттік қызметке 2017 жылы келдім. Байқау барысында эссені «Туған жер – алтын бесік» тақырыбында жаздым. Туған жерде еңбек ету – басты парыз, – деді Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Мұхтарұлы.

         Қатысушылар қай тілде болса да, ойларын емін-еркін жеткізіп, өздерінің қабілет-қарымын толық аша білді. Олар тек үш тілді жетік меңгергендерін көрсетіп қана қоймай, белгілі қоғам қайраткерлерінің өмір жолы, атқарған қызметтері жайында сөз қозғап, тарихты да білетіндерін аңғартты. Әдеби тапсырмалардан да тосылған жоқ. Қазылар алқасы тарапынан ағылшынша қойылған сұраққа ағылшын тілінде, орыс тілінде қойылған сұраққа орыс тілінде жауап бере алды.  

– Іс-шара жоғары деңгейде өтті. Өте өзекті мәселелер қозғалып жатыр. Біраз мақал-мәтелдің мағынасын ашып, тарих тереңіне сүңгідік. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытында жұмыстанып жүрген мамандарға мың алғыс. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Өзім Алматы облысы Талдықорған қаласының тумасымын. Ол жерде Қазақ-түрік ицейінде білім алдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын тәмамдап, Орал қаласына жұмыс жасауға келдім,  – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері Әлімжан Қайыржанұлы.

Қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын бағалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Олар шешім шығару барысында тілдерді меңгерудің жоғары деңгейі, жауаптың нақтылығы мен мазмұндылығы, дәйектілігі және жазу сауаттылығына баса назар аударды.

Жарыс қорытындысы бойыншша 1-орынды Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Мұхтарұлы иеленді. 2-орынды ҰҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің маманы Әлімжан Жүніс қанжығасына байлады. 3-орын облыстық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы ТАяулым Тасқынғалиға және Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақерке Садетке бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.

– Бұл байқауға былтыр да қатысып, үш орынды иелендім. Байқау биыл да жоғары деңгейде өтті. Мен Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде білім алдым. Қазір сол салада еңбек етіп жатырмын, – деді Аяулым Мерекеқызы.

Орал қаласы Зашаған кенті әкімі аппаратының бас маманы Ержан Арыстанғалиев, Сырым ауданы Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Райымбек Құлтемір, Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Айбек Әбілқалым және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері Әсем Абатоваға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

– Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі құтты болсын! Олардың ел үшін атқарған еңбегі еселене берсін. Көп тіл білген адам қор болмайды. Жыл сайын ана тілін жетік білетін мемлекеттік қызметкерлер көбейіп келеді. Ана тілінде сайрап тұрған жастардың өз-өзін жан-жақты жетілдіргені, билікке араласқаны – зор мақтаныш. Байқаудың биылғы қатысушылары ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген екен. Бұл – өте жақсы нышан, – деді Айдарбек Ахметұлы.             

Қызалар алқасының басқа да мүшелері пікірін ортаға салып, үш тілді жетік меңгерген жастардың ойларын анық әрі нақты жеткізгендеріне қуанғандарын айтып, олардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *