Бүгінгі таңда ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстардың тарихын тың архив құжаттары негізінде кешенді түрде зерттеуді, жаңаша тұрғыдан зерделеуді жүзеге асыру қажет. Қазақ елінің тарихындағы отарлау заманында тіні ешқашан үзілмеген, сабақтаса өрілген азаттық үшін 300-ден астам көтеріліс ұлы дала төсін шарпыған екен. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде азаттық қозғалысы барысында халқымыздың ұлттық мемлекеттік идеясы төңірегінде топтастыру формалары мен әдістері, осы жолда ұланғайыр қызмет атқарған тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы мағлұматтарды ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу еліміздің ішкі, сыртқы саясатына толықтай сай келеді.
Төл тарихымызда жан-жақты қарастырылатын түйінді мәселелердің бірі осы – тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихы, оның себеп-салдарлары, тактикасы жөнінде тереңірек зерттелуі қажет. Тарихымызда «феодалдық-монархиялық қозғалыстар», «сұлтандар көтерілісі» қатарына жатқызылып келген көтерілістер отарлық езгіге қарсы қозғалыстың тарихын жаңа методологиялық тұрғыдан зерттеудің ғылыми маңыздылығы мен өзектілігін айқындай түседі. Ұлы дала қолбасшылары мен сарбаздарының ұлан байтақ қасиетті туған жерін қорғауда небір айла-тәсілді қолданғанын көпшіліктің біле бермейтіндігі де рас. Олардың соғыс тактикасының өзі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі сөзсіз.
Сонымен, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілген ұлы дала сұлтандары кімдер еді? Олардың өмірлері тағдырдың талқысына түсіп, қасірет шегіп, арманда кеткендері туралы бірер сөз. Олардың жүріп-өткен жолы ауыр да азапты оқиғаларға толы болды.
Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қарулы күресті бастаған сұлтандардың бірі – Қаратай Нұралыұлы. Ол Кіші жүз ханы Әбілхайырдың немересі, Нұралы ханның қалмақ әйелі Рыстан туған баласы. Қаратай 1772 жылдар шамасында дүниеге келген. Сұлтан Қаратай туралы Орынбор шекаралық комиссиясының жазбаларында өте ақылды, қатал, қазақтар арасында беделді, әкесі Нұралы ханның кезінде Байұлы руына басқарушы болып бекітілгені туралы айтылады. Сұлтан Қаратайдың патша үкіметі әкімшілігінің көзіне түсе бастауы 1797-1798 жылдар шамасы. 1797 жылы 27 наурызда Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының өлімінен кейін, он екі ата Байұлының кейбір рулары қолдау танытқан соң хан болып Қаратай сайланған. Қазақ халқының тарихында жүздеген жылдар бойы қалыптасқан хандық басқаруды жоюды қолға алған, Орынбор әскери губернаторы О.А. Игельстром Кіші жүздегі билікті 1797 жылы 6 маусымда Хан кеңесіне жүктейді. Сондықтан да Қаратай патша әкімшілігінің дәстүрлі хандық басқару билігін жою реформасына ашық қарсы шықты.
Қазақ даласында патша үкіметі басқарудың хандық институтын жою міндетін алға қойды. Қазақ сахарасын отарлау саясаты толығынан қалыптасты. Ен далада жазалаушы қосын сейіл құрды. Халық тығырыққа тірелді.
Қаратай сұлтан бастаған ұлт-азаттық күрес XIX ғасырдың бас кезінде басталды. Сұлтанның патша үкіметінің Кіші жүзде жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы белсенді әрекеттерінің бірі Хиуа, Бұқара сауда керуендерін тоқтатуы болды. Қаратай бұл әрекеттерінің мақсатын Ресей империясының Орта Азиямен сауда-саттық қатынасына кедергі келтіре отырып, экономикалық байланысына соққы беру деп түсінді. Қаратай сұлтан сауда керуендерін тоқтата отырып, алдына бірнеше мақсаттар қойды. Олар біріншіден, патша үкіметінің жүргізіп отырған отарлау саясатына ашық қарсылық білдіру; екіншіден, қазақтардың отаршылдарға қарсы батыл қимылдарын жандандыру; үшіншіден қазақтар арасындағы бірлік пен өзара келісімді жүзеге асыруы керек еді. 1806 жылдың жаз, күз айларында Гурьев қалашығымен Троицк бекінісінің аралығындағы шекара бекіністеріне көтерілісшілердің шабуылы үдей түсті. 1806 жылы генерал-губернатор Орал-казак әскерлерінің атаманы Бородинге 11 шілде мен 15 қыркүйек аралығына дейін Қаратай сұлтанды ұстап әкелуге тапсырма бергенімен, тапсырма орындалмады. Орыс әкімшілігінен сұлтанды тірілей ұстауға тікелей тапсырма алған Орынбор гарнизоны полкінің генерал-майоры Д.И.Герценберг жазалаушы отрядты өзі жасақтайды. Д.И.Герценбергтың жазалаушы отряды гарнизон полкінің қатарындағы 200 жауынгерінен, Орынбор әскерінен 150 казак, тептяр полкінің 250 тептяры, 300 Елек қорғаны казактары және 500 башқұрттан құралды. Отрядтың жалпы саны 1350 адамға жетіп, 3 зеңбірекпен жабдықталды. Сонымен қатар Қаратай сұлтанның шегіну бағытын анықтап, жолын кесу үшін Орал-казак әскерінің 250 ерекше қаруланған казак отрядына Орынбордан шыққан жазалаушы отрядтың оңтүстік қанатын қорғау мақсаты қойылды. Қаратай сұлтан партизандық соғыс тактикасын ұстанып, дала төсіне ішкерлей еніп, ізін жасырды. Генерал-майор Д.И.Герценбергтің отряды Қаратай сұлтанды қолға түсіре алмай қыркүйек айында 55 ауру солдатпен 947 жарамсыз аттарымен арып-ашып Орынбор қаласына келіп жетті. 1809 жылы патша әкімшілігі сұлтанға қарсы атаман Бородинді 400 казактан құралған отрядпен аттандырды. Өзіне қарсы қарулы отрядтың шыққанын естіген сұлтан қонысын ауыстырып үлгерді. Орынбор әкімшілігінің бұл жолғы жоспары да сәтсіз аяқталды. 1812 жылдың 6 маусымында полковник Донсков басқарған Орынбор казак полкінің 1100 казагынан құрылған және екі жеңіл зеңбірекпен қаруланған жазалаушы экспедиция Қаратай сұлтанға қарсы аттандырылды. Елек қорғанынан жазалаушы отрядтың шыққаны туралы хабарды алысымен дала көкжалы атанған Қаратай сұлтан өзінің бұрынғы айла-тәсілі арқылы дала төсіне қарай ішкерелей шегініп, ұстатпады. Қаратай Нұралыұлы Ресеймен партизан соғысын жүргізді және оның шеберлігімен жасағы бір орыннан екінші орынға тез ауысып, ізін суытып орыс шекарасының бойына тұтқиылдан келіп тиюі, бақайшағына дейін қаруланған орыс әскерлерін талай рет тығырыққа тіреді. Зерттеуші С.Н.Севастьянов Қаратайдың аса сақтығына тіпті соңына түскен 1550 әскердің ешқандай айла жасай алмағандығын жазып қалдырған. Ал, А.И.Добросмылов өз зерттеуінде қазақтардың тарихымен айналысып жүрген көптеген авторлар барлық билеуші сұлтандарды «қарақшы», «тоғышарлар» мен «тонаушыларға» теңейді, олардың көпшілігі ақылды да адал, сол кезеңнің көрнекті қайраткерлері екендігін мүлдем естен шығарады, ал қызметтеріне тоқталсақ қалыптасқан жағдайға байланысты іс-әрекет жасады деп бағасын берген болатын.
Ұлт-азаттық күрес жылдары Кіші жүз рулары Қаратайдың батырлығын, әскери қолбасшылығын қатар сезінді. Әскер көсемі батыр ретінде Қаратай сұлтан ешқандай қауіптен сескенбей, қайта жауға өзі қарсы шапты. Жорықта бірнеше рет жаралы болды. Қаратай Нұралыұлы елін сүйген қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға. Қаратайдың бір басына атасы Әбілқайыр әкесі Нұралыдан қалған мұра, он екі Байұлдарын басқарудан түскен мол пайда жететін еді. Бірақ ол тыныш өмірден гөрі халқының тәуелсіздігін елі мен жұртының бүтіндігін, хандық институттың күшеюін көздеп отарлауға қарсы аттанды. Қаратайдың өмір сүрген кезеңі қазақ тарихындағы бірден-бір қайшылығы мол заман еді.
Зерттеуші Н.Казанцев 1867 жылғы «Қырғыз-қайсақтардың суреттемесі» атты еңбегінде: Кіші жүздің батыс бөлігінің алғашқы сұлтан правителі Қаратай Нұралыұлы болды. Қаратайдың түр-пішін көріксіздеу: «Жалпақ мұрынды, қиық көзді ірі қисық тісті, көсе, қамыт аяқты; сауатсыз болған, бірақ әкімшілікке хат жазғанда өзі айтып отырған, астына жеке өзінің жүзіктен ойылып жасалған мөрін басқан. Мінез-құлқы сенімді, тәкаппар, бірақ әділ және адал болған» деп тарихи портретін береді.
Қаратай сұлтан бүгінгі Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты селосынан 18 шақырым жердегі Шідерті өзені жағалауында Байбақты руының қорымында жерлеген.
Сол кезеңдерде елдің оңтүстігіне 1811-1812 жылдары Кіші жүздің Сыр бойын жайлаган руларына рақымсыз атанған Хиуа ханы Мұхаммед Рахымның қалың қолы ашықтан ашық бас салды. Бұл шабуылдың жойқын болғаны соншалық қазақтар 500 қыз-келіншіктен, мыңдаған ер азаматтан, 100 мынңан аса қой, 40 мынңан аса түйеден айрылды. Мұнын барлығы елім мен жерім деп бауыры езілген қайраткерлерге әсер етпей қалган жоқ. Міне, осы тұста тарих сахнасына қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Арынғазы Әбілғазыұлы шықты. Архив деректері бойынша Арынғазы сұлтан 1786 жылы дүниеге келген. Әкесі Әбілғазы хан Сыр бойын жайлаған шөмекей, шекті, әлім руларын және қарақалпақтарды басқарған.
1815 жылы Әбілғазы хан қайтыс болғаннан кейін үлкен ұлы Арынғазы хан сайланды. Осы жылы Хиуаның 500 жауынгері Сыр бойын жайлаған қазақ аулдарын тағы шапты. Ауылдар талқандалып, шаруашылық күйзеліске ұшырап, мыңдаған қазақтар Хиуаға құлдыққа айдалды. Туған халқының басына түскен жан түршігерлік жағдайды жан тәнімен түсінген Арынғазы хан Сыр бойына Хиуа ханының шапқыншылығына тоскауыл қоюдың бірден-бірі жолы қазақтың басын біріктіру екендігін көре білген сол кезендегі тарихи тұлға еді . Ол өзінің осы мақсатын жүзеге асыру жолында өмірін пида етті. Арынғазы Әбілғазыұлы елдің басын біріктіруге тек өзінің күші жетпейтіндігін түсінуімен, алды болжай болуымен ерекшеленді. Елдің басын біріктіру мақсатында сол тұстағы елдің игі жақсылары Қаратай Нұралыұлы, Бөкей хан, бауырлары Темір, Құсыр, Жұма сұлтандары және Мұса батыр сияқты атақты адамдарды тартты. Орынбор генерал губернаторы С.Г. Волконский қазақ сұлтандарының бірігуі патша үкіметіне отарлау саясатына басты кедергі болатындығын жете түсініп, қазақтар арасына алауыздықтың отын өртін үрлей түсті. Шерғазы хан генерал губернатордан өз өмірін және жанұясының тағдырың айтып, хан Ордасына 300 орыс-казак шақыртты. Арынғазы хан мен Қаратайдың қазақтарды біріктіру мақсатында жүргізбекші болған Кеңес осылайша жоспарлы түрде жүзеге аспай қалды. Ақыры соңында Кеңеске жиналған Кіші және Орта жүздің мыңдаған қазақтары еш нәтиже шығара алмай тарап кетті. Қаратай сұлтан сияқты Арынғазы да мықты қазақ хандығын, қажетті жерінде тәуелсіз шешімді жақтаушы еді. Олай болса қазақ даласының бірлігі патша үкіметіне де, Хиуа ханына да тиімді болмады. Бүкіл халықты біртұтас хандыққа бастай алатын Арынғазы Әбілғазыұлы сияқты қайраткерлердің көзін құрту жолдарын қарастыра бастады.
Арынғазы Хиуаға қарсы азаттық күресті 1819 жылдың күзінде бастауды мақсат етіп Кеңес өткізгенімен, оны тағы да Шерғазы хан мен орыс әкімшілігі қолдамай тастады. Қаратай сұлтан патша үкіметіне өзінің ашық саясаты қаруымен, ал Арынғазы болса өзінің ақыл-ойының тереңдігімен мойындатты. Сонымен қазақ елінің тарихында өзіндік ізін қалдырған Арынғазының адами келбетін орыс шенеуніктерінің жазбаларынан кездестіруге болады. Е.К.Мейендорф Арынғазыны былайша сипаттайды: «Сұлтанның бет-әлпеті әдемі, үлкен сұлу қара көзді, сырт пішіні келбетті және салиқалы көрінеді. Бізге ол кең түрде пайымдай білетін адам ретінде әсер қалдырды. Ол қатаң шешім қабылдай алатын, жігерлі тұлға», — деп баға берсе. Ресей Сыртқы Істер министрлігінің аудармашысы Я. О. Ярцев 1821 жылғы 24 қарашадағы хатында сұлтанды: «Арынғазы Әбілғазыұлы 35 жас шамасында. Оның сыртқы пішіні ұзын бойлы сымбатты. Кең жауырынды, жүрісі паң, сұлу жүзді, қалың қара, шағын сақалды, ойнақшыған, қара көзді, іс-әрекеті жинақы. Ол қызу қанды, ашуланған кезде жүзі күңірентіп, көзі қанға толып, қолы дірілдейді. Ал қуанышын жасыра алмайды. Оның рухының ұлылығы мен ширақтығы қазіргі жағдайда өнегелі. Ол ешуақытта өзгенің көзінше өзінің жабыққанын, мұңайғанын сездірмейді. Сонымен қатар іс-әрекеттерінде және барлық жағдайда да қауіптенгенін, қорыққанын сездіртпей, айналасындағыларға жау жүректігімен, қатаңдығымен үлгі көрсете алады. Ол шығыс үлгісінде білім алған. Оның білімі арабша оқудан әрі аспайды. Дегенмен оның ақылы кең, ойлау қабілеті жоғары. Оның сөзі жағымды, сенімді және әрқашанда паңдана сөйлейді. Ол қашанда қайырымды, қолы кең, әрдайым кім-кімге де қол ұшын беруге даяр тұрады» деп баға берген. Патша үкіметі Арынғазы сұлтанды 1821 жылы Санкт-Петербургке патшамен кездесуге шақырып, кейін Калугаға мәңгілікке жер аударады. Қазақ сұлтанының қилы тағдырына ұқсас Дағыстан және Шешен халықтарының ұлт-азаттық күресінің көшбасшысы имам Шәмілде басынан өткізгені тарихтан белгілі. Патша үкіметінің отарлау саясатының өз қадір-қасиетінше қарсы шыққан қазақ елінің мемлекет қайраткерлерінің қилы-қилы тағдырлары әртүрлі қалыптасып, қайғы-қасыретке толы болғандығы орыс зерттеушілерінің де назарын аударған. Л.Мейер Арынғазы сұлтанның Калугаға жер аударылуы туралы хабар бүкіл қазақ даласын толқытқанын, 1822 жылдан бастап сұлтан үшін кек қайтаруды көздеген қазақтар орыс шекараларына, сауда керуендеріне шабуылдарын үдеткені туралы жазады [9, с. 40]. Осыдан-ақ Арынғазы Әбілғазыұлының қазақ тарихындағы сол тұстағы ең көрнекті қайраткер екендігін байқауға болатындығы. 1833 жылы тамыз айында Калугада туған жеріне сағынышы өзегін өртеп, жат-жұртта мәңгілікке көз жұмды. Арынғазы Әбілғазыұлы Кіші және Орта жүз руларын біріктіріп саяси бір тұтас мемлекетті сақтау идеясы, азаттық қозғалысының көшбасшысы болған атақты сұлтан. Арынғазы халық басқарған ел басшысы, қоғам қайраткері, мәмілегерлік қасиетімен, реформаторлық іс-әрекеттерімен, күйшілігімен де ел есінде мәңгі сақталып қалды.
Отаршылдық саясатқа қарсы сұлтандар бастаған күштің алдыңғы легінде Кенесары Қасымұлы тұрғаныбелгілі. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын терең талдап зерттеген халқымыздың ғұлама тарихшы ғалымы Е.Б.Бекмаханов тұтастай бір еңбегін арнап жазғаны белгілі. Келесі бір кезеңде ұлт-азаттық күрестің жаңа дәуірінде азаттың тағы жолында ата- бабаларының рухымен жігерлеген Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтан қан майданға қол бастап шығып, ұрыс даласында жасындай жарқылдады.
Сыздық сұлтан Кенесары ханның екінші әйелі Жаңыл ханымнан туған. Кенесары хан ерлікпен қаза тапқан жылы яғни 1847 жылы Сыздық он жаста болған. Сонда сұлтан 1837 жылы дүниеге келген болып шығады.
Сыздық кішкентай кезінен бастап жігерлі болып өсті. Ол туралы ел аузында мынадай әңгіме де сақталып қалған. Кенесары кішкентай ұлы Сыздықпен серуендеп жүріп баласынан: «Ұлым өскенде кім боласың?»,- деп сұраған екен. Сонда кішкентай Сыздық мүдірместен: «Наурызбай көкем сияқты қол бастаған батыр боламын» деп отты жанарымен әкесіне тура қарапты. Наурызбай Кенесарының туған інісі, батырлығымен, көзге түскен тарихта қалған белгілі тұлға. Кенесары: «Ендеше ұлым бізге, мына тұрған көпшілікке батырлығыңды көрсетші», — деп тіл қатқан екен. Сұлтан қынабынан кездігін шығарып, ұшын жоғары қаратып, құмға көміп, баласына қарап: «Ал ұлым осы кездіктің үстіне жүгіріп келіп құла, сенің батырлығыңды көрейік», — десе керек. Кенесарының қасына ерген көп нөкер де, «ұлын өлімге қиған неткен қатыгез жан еді» — деген ойда тұрады. Осындай сын-сағаттың басынан талай өтетінін сезгендей Сыздықта батыл шешімге келіп мәре сызығына қарай адымдады. Сол сәтте әке де шалт қимылдап, күнге шағылысып тұрған кездікті суырып алып, орнына құмды шошайтып үйіп қояды. Нөкерлер де демдерін алып, терлерін сүртіп, сұлтанның тапқырлығына риза болып жатты. Межелі жерге жеткен Сыздық кілт бұрылып құлдырай ұшып келіп, кездіктің үстіне кішкентай кеудесімен құлап, ерегескендей екі-үш рет аунап түсті. Сол сәтте Кенесары сұлтан ұлын жерден көтеріп алып: «Ұлым ризамын, сен менің жолымды жалғастыратын ізбасарымсың, ақ батамды бердім», — деп ризашылығын білдірген екен. Кейін Сыздық сұлтан тек әкесінің ғана емес, халқының әр рухын асқақтатқан асыл ер тұлғасында көрінеді.
Сыздық Кенесарыұлы (1837-1908 жж.) өз елінің азаттығы мен бостандығы үшін күрескен, бар өмірін елі үшін жұмсаған, туған халқының ана сүтін ақтаған нағыз дала қаһарманы. Сыздық сұлтан 1860-1876 жылдары Ресей үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресі туған даласынан бастап, Хиуа хандығы, Бұқара әмірлігі және түркімендермен тізе қосып, қазақ жігіттерімен түркімен шабандоздарын басқарып, қайрат көрсеткен атақты қолбасшы. Оның аңызға айналған мына сөзі сол істерінің айғағы іспетті: «Ата-бабамыздың ұстаған жолын тастап, орыс жағына шықпаймын. Олар Қоқанды алса, Бұқараға барамын. Егер Бұқарды да алса, онда, басқа да мемлекеттер бар ғой, кез-келген бір мұсылман еліне барамын. Қалай да ата-баба жолынан аумаймын» дейді. Сыздық сұлтан бес намазын қаза қалдырмаған, қолы бос кездері кітап оқыған, мұсылманша сауатты болған. Оның тарихи бейнесі былайша бейнеленеді: «Бидай өңді, аздап ақ шала бастаған шоқша қара сақалы бар, көздері әдемі, сырт көрінісі аса келісімді, түрік халқының нағыз ақсүйек адамы. Сонымен қатар сұлтан өте шешен сөйлеп жауларында таң қалдырған. Далалық соғыс өнерін жетік меңгеріп қана қоймай, Бұқара, Хиуа, Қашқар хандарына сыртқы саясатта, соғыс жөнінен ақылшы, кеңесші де бола білгенімен ерекшеленеді. Сайын дала шабандоздарының бастарын біріктіріп, казак-орыстардың зеңбіріктерінің боратқан оқтарына қарамастан аламан топты бастап шапты, шабандоздарымен ұлан- ғайыр Қызылқұмның өлі шөлінің бір шетінен екінші шетіне түнқата талай жортып, аңдаусыз бейқам отырған жауларына тайсалмай тап беріп жүргенде-ақ, жау жағы оны «Сахара баскесері» деп атауы оның елі мен жері үшін тынымсыз күресіне берілген тарихи баға деп түсінген абзал.
Аталған тарихи тұлғалардың күресі халқының еркіндік сүйгіш рухын сақтап, құлдық психологияға тосқауыл болды, болашақтағы тәуелсіз де дербес ел болу үмітін үздірмеді. Ұлы дала сұлтандары Қаратай, Арынғазы, Сыздықтың Отан тарихындағы орны осы факторлармен анықталады. Қазақ сұлтандарының жері мен елінің бірлігі, дербес өмір сүруі үшін ғасырлар бойы табандылықпен жүргізген ұлт-азаттық күресінің тарихи тәжірибесі мен тағылымы біздерді, олардың қаһармандық ерлікке толы күрес жолдарын ұлықтауға міндеттейді.
Аққали АХМЕТ
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2023 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруға ие болған «Отандық және шетелдік тарихнамадағы ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүздегі саяси-қоғам қайраткерлерінің портреттері» атты Жоба негізінде дайындалды.