1 ақпан күні облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Атамекен» өнер орталығында «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігінің таныстырылымы өтті.
Талай ақынды толғандырған, жырына арқау болған Жайық өзені жайлы бейнеролик көрсетілгеннен кейін Ақұштап Бақтыгерееваның «Сүмбіле» атты өлеңін «Сүмбіленің» сегіз қызы кезек-кезек оқыды.
– Сүмбіле – өлеңді жанына серік еткен, поэзияға ғашық қыздардан құралған шағын ғана топ. Бұл топ алғаш рет Орал шаһарында 2021 жылы 8 желтоқсанда құрылды. 24 желтоқсанда кофеханада алғашқы кешімізді өткіздік. Біздің мақсатымыз – қаламыздағы қыздар поэзиясын жандандыру, тұрғындардың өлеңге деген оң пікірін қалыптастыру, – деді «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігінің мүшесі Нұршат Тұрсынхан.
Бірлестіктің құрамында 8 қыз бар. Олар Айназ Есекеш, Ақгүлім Ерболова, Кәмила Аманова, Ақжүніс Насиева, Айна Даутова, Ақжібек Сағынбай, Нұрдана Темір және Нұршат Тұрсынхан. Айна, Ақжүніс, Нұршат – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері. Ақжібек Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің, Нұрдана Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы. Айназ, Ақгүлім, Кәмила – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері. Бәрі де 17-18 жастағы қыздар. «Сүмбіледе» он сегіздің оты бар деуіміздің мәні сонда.
Кеш барысында Әділ Ахметов Нұршат Тұрсынханның сөзіне жазылған Райымбек Өтеповтің «Кетіп барамын» әнін орындады. «Сүмбіленің» сегіз қызы өз өлеңдерін, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Есенғали Раушанов, Мұқағали Мақатаев, Ұлықбек Есдәулет, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Айжан Тәбаракқа қоса, Сергей Есенин, Аглая Датешидзенің де (аударған Шынар Әбділда) туындыларын жатқа оқыды.
Дәл осындай шығармашылық бірлестік Атырау қаласында «Бесеудің хаты» деген атпен құрылған екен. Әдеби кешке арнайы келген бірлестік мүшелері – Нұржол Жақсылық, Нұрай Талап, Баймұрат Кеңес, Аяжан Жеткіншек, Жайнар Ардаққызы өлеңдерін оқып, күні кеше ғана құрылған шығармашылық бірлестікке сыйлық табыс етті. Кеш Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған Қадырғали Көбентайдің әні «Өнер адамымен» аяқталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық халық шығармашылығы орталығының көздегені – жастарды қолдау, ұлт шығармашылығын ұрпаққа насихаттау. Орталық жас ақындардың шығармашылық тұрғыда өсуіне тікелей ықпал ететін осындай кештерді алдағы уақытта да өткізетін болады.
– Сүмбелі күннен екі есе үлкен жарық жұлдыз. Поэзия бар жерде халықтың мұңы, үні, жүрегі бар. Бүгін қыздар оқырмандарды толғандырды. Сүмбіледей жарқыраған күндеріңіз көбейе берсін. Мен осы Орал қаласындағы жас ақындардың өлеңін үнемі оқып жүремін. «Сүмбіле» қыздары секілді жігіттер де топ құрса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, шығармашылық бәсекелестік ақынды дамытады, өсіреді, – деді «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов өлеңсүйер қауымға тамаша көңіл-күй сыйлаған «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігінің алдағы жұмысына сәттілік тілесе, Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев қыздарға Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушевтің құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті.
Бірлестік мүшелерінің бірді-екілі өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Марлен ҒИЛЫМХАН
Жолдар жүйрік, бір-бірінен озған, ә?
Біз келеміз, жатыр жетім боз дала.
Сағынышқа құл боп әбден жалықтым,
Сағыныштың жайын, Апа, қозғама!
Күндер қалды тулап жігер, тасынған,
Табылмайсың сен де менің қасымнан.
Мұнда бәрі қатыгездеу, тәкәппар,
Сипамайды ешкім келіп шашымнан.
Балаң шақты күрсініп құр ойға алам,
Шыбық мініп, тай қуалап ойнаған.
Ентігіп кеп әжем сауған саумалға,
Сүзбе менен ірімшікке тоймаған.
Қалай ғана қия аламын жұртымды,
Жүрегіме сағыныштан жыр тұнды.
Маған сақтап жүрші, Әже, жарай ма,
Өзің сүзіп, өзің қатқан құртыңды.
Кешір, Әке, тұра алмасам сертімде,
Отыра қап мұң шағайын мен кімге?
Мені тірлік алалайды көр де тұр,
Арашалап жүрші бірақ сен күнде.
Солай, Апа, қадіріңді рас, ұқтым,
Құшағыңа аңсар ауып, асықтым.
Күйреуге де, сағынуға үйреткен
Беу, дүние, мен өзіңе ғашықпын!
Көнбіс тағдыр, кетті қанша түн ауып,
Сағыныштан солғын бейне қуарып.
Бізден басқа жанның бәрі бақытты,
Біз Алматы екеуіміз жылауық.
Нұршат ТҰРСЫНХАН
Алғашқы қар
Көктен жерге көміліп шуақты арай,
Өтеді екен бұл өмір тұрақтамай.
Тағы күз, тағы мұңдар тоғысады,
Тағдырларды сүрінтіп, сынап талай!
Суретіндей сезімнің салынбаған,
Сап-сары сағыныштар… жанымда алаң.
Күз деген – күрсінгендер кездесуі,
Көңілдегі келтірер сағымға мән.
Мендік сырды сағыныш байқады еппен,
Самал болып сырыңды айта кеткен.
Жасын өтті, жаз өтті, жаңбыр өтті,
Күз де өтеді, келеді қайта көктем.
Жүргенім бе үмітке алданып құр,
Уақыт зырлап, жүрегім жанданып тұр.
Қызғалдақты жүр едік құшып кеше,
Бүгін, міне, алғашқы қар жауып тұр.
Ақгүлім ЕРБОЛОВА