Апта басында облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Жаңақала ауданына барды. Ауданға жаңа әкім тағайындап, бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысып, шаруа қожалығы өкілдерімен кездесті.

Кезектен тыс өткен аудандық мәслихаттың  сессиясында ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімімен Жаңақала ауданының әкімі лауазымына Дархан Закарин тағайындалды.

Содан соң болған аудан активінің отырысын облыс әкімі ашты.

 – Осы уақытқа дейін ауданды басқарған Наурызбай Қарағойшин төрт жылдан астам уақыт бойы мол тәжірибесінің арқасында жаңақалалықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған бірнеше жобаның жүзеге асуына ұйытқы болды. Елге көп еңбегі сіңді. Наурызбай Қадырбайұлының жетекшілігімен 2017-2020 жылдары аудан бойынша 10 елдімекен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ірі жобаның бірі – құны 2,5 млрд теңгені құрайтын Жаңақала-Құлшық су құбырына ауданның 8 елдімекені қосылды. Жаңақалалықтарды толғандырып жүрген үлкен мәселе осылайша шешімін тапты. 2018 жылы 147 млн теңгеге Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жангелді елдімекендеріне газ құбыры тартылды. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстың бәріне тікелей жауапты болған ол өз міндетін жоғары деңгейде атқара білді, – деген Ғали Нәжімеденұлы Наурызбай Қадырбайұлына алғыс білдіріп, естелік сыйлық тарту етті.

Облыс басшысы ауданның жаңа әкімі Дархан Закаринді актив отырысының қатысушыларына таныстырғаннан кейін ауданда халыққа пайдасы тиетін, қаражаты жеткілікті деңгейде бөлінген 12 жоба іске асырылып жатқанын айтты. Дархан Әмірханұлына келелі істерді жалғастырып, елді толғандыратын мәселелерді зерделеп, оңтайлы шешім қабылдауды тапсырды. Жұмысты сапалы атқаратынына сенім білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Наурызбай Қарағойшин алғыс білдіріп, Дархан Әмірханұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Дархан Закарин де артылған сенімнің үдесінен шығатынын жеткізді. Жиын барысында еңбек ардагері Жанболат Семенов, ақын, қоғам белсендісі Зәкәрия Сисенғали, №3 қазақ орта мектебінің директоры Әлихан Досмұхамбетов, «Бірлік — мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешімов сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына тоқталды.

Осы кезге дейін ауданда біраз жұмыс жасалғанын көпшілік біледі. Биыл Салтанат, Саралжың, Борық, Плантация елдімекендеріне газ құбырын тарту басталған. Қазіргі таңда аудан бойынша көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызды құрайды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 2019 жылы аудан орталығында көпқабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй және 160 орындық дене шынықтыру, сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтсе, ауылдық округтерде спорттық нысандарды, ауылішілік және жаяужүргіншілерге арналған жолдарды салуға баса назар аударылған. Өткен жылы Жаңажол ауылында су жаңа мәдениет үйі бой көтерсе, Пятимар, Жаңақазан мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілген.

«Коворкинг»  – жастар ордасы

Жаңақала ауданы «Рухани орталығымен» ерекшеленеді. Облыс әкімі осы орталыққа барып, ондағы қызу жұмыстың куәсі болды.

Тұрғындар бұл орталыққа кітап, газет-журнал оқып, бір-бірімен кеңесіп, жан әлемін түрлі құндылықтармен байыту үшін барады. Себебі, мұнда іс-шаралар, көптеген акциялар, әдеби-мәдени кештер ұйымдастырылады. Аудандық орталық кітапхана мен «Жаңарған өңір» газетінің редакциясы да осы мекемеде орналасқан. «Ардагерлер» клубы да осында. Оған үлкен кісілер тұрақты келіп тұрады. Қариялар бұл клубқа шахмат ойнап, ойын сергітіп, миын демалту үшін демалыс күндері де келеді.

«Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жетекшісі Қайрат Шәутенов оқушылардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып келе жатқанын, шәкірттерінің облыс намысын республика көлемінде абыройлы қорғап жүргенін айтты.

Ал, жастар көп жиналатын «Коворкинг» орталығында барлық жағдай жасалған. Олар уақытының көп бөлігін осында өткізеді. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Қобыланды Сапиуллин «Коворкингтің» жастардың тәжірибе алмасып, еркін пікірлесетін ордасына айналғанын да айтты. Жалпы «Коворкинг» кез-келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, шахмат, асық, тоғызқұмалақ, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға мүмкіндік береді. Тегін интернет желісін пайдаланып, кино, мульфильм қарай алады. Караокемен ән айтамын десе де өз еркінде.

Облыс әкімі су сорғы станциясына да барып, ауызсу, жарықтандыру және бөгеттер жұмысының мән-жайын білді. Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Асқар Мұхаметжановтың айтуынша, жалпы аудан аумағында 15 суландыру каналы (406,7 км) жұмыс жасайды. Оның 6-уы магистралды (213,5 км), 9-ы таратушы каналдар (193,2 км). Су қоймалары – Дөңгелек, Пятимар, Айдархан мен Сарышығанақ. 180 нидротехникалық құрылғы, 9 бөгет (Шапошников, Қаражол, Паром, Майдан, Сарыкөл, Қызылжар, Кармановка-1, Кармановка-2, Жаңаталап) бар. Максим Қайырғалиев басқаратын бұл станцияның негізгі мақсаты аудан халқын ауызсумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 12 елдімекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтып отыр. 

Облыс әкімі аудандық электр торабындағы материалдық-техникалық базаның жұмысымен де танысты. Бұл мекемеде 57 қызметкер бар. Бүгінде 9 электромонтердің орны бос тұр екен. Жалақының аздығына, материалдық-техникалық базаның тозғанына, жетіспеушілігіне қарамастан электр торабындағы табанды жұмысшылар халыққа қызмет көрсетіп жүр.

Жолдар жөнделуде  

Облыс әкімі мердігерлердің аудан аумағындағы жолдарды жөндеу мақсатында материал тасып, рекультивация жасап жатқанын көрді.

– «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» облыстық аутомобиль жолының «Жаңақала-Жаңақазан» учаскесі қайта жаңарту жұмыстарын бастады. Республикалық бюджеттен 750,0 млн теңге бөлініп, мердігерлер іске кірісті. Биыл 2 км асфальт салып, 10 км айналма жолын келесі жылға дайындап қоямыз. Бұл жоба 61 км-ді қамтиды. Осы жол 3 жылдың ішінде жөнделеді деп жоспарлап отырмыз, – деді облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.

Ал, ЖШС директоры Огонесс Минасян шілде айында басталған аудан орталығындағы 8 көшенің жөндеу жұмыстары қазан айының соңғы он күндігінде аяқталатынын айтты. Жоба бойынша Астана, Е. Орақбаев, С. Бабажанов, А. Дауылбаев, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, М. Мәметова, Халықтар достығы көшелеріне 6,2 км асфальт және 6,5 км тротуар салу көзделген.

Көпбалалы отбасыларға арналған 2 пәтерлік 20 тұрғын үйдің құрылысын көп ұзамай бітіру де жоспарда тұр. 20 үйдің іргетасы құйылып, тасы қаланған. Төбесі жабылып, ішкі-сыртқы қабырғалары сылануда. Қазіргі таңда аудан бойынша 600-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Аудан орталығына такси тұрағын, спорт алаңын, 1-мамыр көшесіне жаяужүргінші жолын салу, С. Бабажанов көшесіне арық жүйесін орнату, Борық және Жангелді елдімекені жанынан инженерлік көбіктер қазу жоспарлануда.

         Тойхана балабақшаға айналды

Облыс әкімі аудан орталығындағы жұмыс сапары аяқталғаннан кейін Бекболат Жағыпаров басшылық ететін «Хафиз» шаруа қожалығында аудандағы агроқұрылым өкілдерімен кездесті. Олар cу мен шөп тапшылығы шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп тұрғанын, шығынға ұшыратқанын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда аудан бойынша 60 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрып отыр. Оның ішіндегі 45-інде 9123 бас ірі қара малы бағылуда. 5 шаруашылықта 1409 бас жылқы өсіріледі. 10 шаруашылық қой өсірумен айналысады. Бұның барлығы да асыл тұқымды. Айта кетейік, қожалық басшылары аудан тұрғындарына тұрақты түрде көмектеседі және көптеген мәселелерді шешуде белсенділік танытады.

Қызылоба ауылында күні кеше «Ерсұлтан» шаруа қожалығының иесі Сәндігүл Исмағұлова балабақша ашқан. Бөбекжайдың жұмысы басталғанына бір ай болған. Кәсіпкер 250 орындық тойхананы 75 орындық балабақшаға айналдырып, халық үшін пайдалы іс жасап отыр. Жиһаздармен, құрал-жабдықтармен, ойыншықтармен, балалардың көңілін көтеретін түрлі көрнекіліктермен жабдықталған бөкейжайда 70 бала тәрбиеленуде.

Қызылоба ауылдық округінің фельдшерлік-акушерлік пунктінің қызметіне де ел риза. Бұл мекемеде 7 медицина маманы қызмет атқарады. Қызылоба ауылына қоса Айтпай, Төртқұлақ елдімекендеріне де медициналық көмек көрсетіледі. 1 санитарлық аутотранспортпен қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындары вакцинаны осы пунктте салдырып жүр.

Жаңақала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетіп жатқанына көз жеткізген облыс әкімі Ғали Есқалиев көтерілген барлық мәселені атқарушы билік өкілдерімен бірге талқылап, шешімін табуға тырысатынын жеткізді.  

  Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *