Дана халқымызда «Ардақтыларын мезгілінде қадірлей білуде ұлылықтың белгісі» деген сыйлы сөз бар. Олай болса кезінде бірге, немесе қатар жұмыстас болған, бір-бірімізбен пікірлес болған замандастарымызды, үлкен ағаларымызды өкшелес інілерімізді кезінде мадақтап, олардың отанымызға, елімізге сіңірген еңбектерін, адамгершілік қасиеттерін, айтқан өнегелі аталық сөздерін еліміздің болашақ жастарына үлгі етіп айтып, не баспа беттеріне жазып отырсақ қандай ғанибет. Халқымызда «Өнегелі қарты жоқ жерде, өнегелі жаста болмайды», – деп бекерге айтылмаса керек. Әңгімеге арқау еткелі отырған азамат 70 жасты ерттеп мініп, өзінің жастарға айтар өнегелі сөздерімен аға атанып отырған Бақытжан Ғимранұлы Мусағали қарапайым ұстаздықтан, өзінің адал еңбегімен оқу ісінің меңгерушісінен мектеп директорына дейін жеткен білікті ұстаз, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы болып, халықтан, ата-аналардан өзінің лайықты бағасын алған азамат.
Бағытжан ұстаздық жолын қаладағы №18 Н.Крупская атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, кейін сол мектепте табаны күректей он жылдан астам мектеп директоры болып жұмыс жасаған абзал азамат.
Бағытжан інім мектеп басшысы болып жұмыс жасаған кезінде мектеп ұжымы ортасында да өнегелі білгір, ұйымдастыру қабілеті жоғары, ұжым мүшелерімен де, ата-аналармен де келісіп, тіл табыса білген өнегелі ұжым басшысы атанған, мектепке жаңадан келген жас ұстаздарға, еліміздің болашағы жас бүлдіршіндерге үлгі-өнеге бола білген, өмірінің саналы бөлігін жас ұрпақтарды оқытып, тәрбиелеуге жұмсаған ардагер ұстаз, білікті басшы, ұлағатты жанұя басшысы.
Сол кездегі қалалық білім бөлімінің басшылары Бағытжанның жұмысқа деген адалдығын, ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігін, білгіштігін және өте тазалығын жоғары бағалап 2005 жылы оны Атырау қала мектептерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлады. Содан бері он алты жыл Бағытжан тапжылмастан «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау филиалы» комитетін басқарып келеді.
Кәсіподақ комитетінің жұмысы түсінген адамға өте күрделі, жауапкершілікті қажет ететін және өте біліктілікті, дұрыс ұйымдастыра білуді және тазалықты қажет ететін жұмыс. Кәсіподақ комитеті мектептердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқара отырып, олардың қателіктерге жол бермеулерін үнемі қадағалап, білімдері мен тәжірибелерін жетілдіру үшін олармен жиі-жиі семинарлар-кеңестер өткізіліп, біліктіліктерін, іс-жүргізу тәжірибелерін арттыра беру үшін жұмыс жасап келеді. Ұстаздардың құқықтарын қорғауда үлкен табандылық пен принципшілдік көрсетіп келеді. Жылма-жыл ұстаздардың жазғы демалыстарын жақсы өткізулері үшін олардың емдеу-сауықтыру орындарына барып демалып, саулықтарын жақсартып қайтуларына тегін жолдамамен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс жүргізіп келеді. Үлгілі деп танылған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларын, белсенділік көрсетіп жүрген кәсіподақ мүшелері – ұстаздарды кәсіподақ комитетінің конференциясы мен слеттерінде, пленумдарында бағалы сыйлықтармен, Құрмет грамоталарымен марапаттауды дәстүрге айналдырып келеді.
Бағытжан әрқашан ізденіспен жұмыс жасап жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарына үнемі қолдау көрсетіп, олардың іс-тәжірибелерін жетілдіре берулеріне жол ашып, ақыл-кеңестерін айтып, жол көрсетуден жалықпайды.
Қалай десекте Бағытжан – үлкен парасатты, адамгершілігі мол, жүрегі жұмсақ, қарапайым адам, ұлағатты жанұя басшысы. Ол өте мінезге бай, үлкенге іні бола білетін, кішілерге ақылшы аға бола алатын азамат.