ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінен коронавирус індеті анықталғанын мәлімдеді.

«Барынша сақтанып жүргеніме қарамастан, соңғы сынама нәтижесінде коронавирус індетін жұқтырғаным анықталып отыр. Бірақ бойымда аурудың ешқандай белгілері жоқ. Әйтсе де оқшауланып, мамандардың барлық талаптарын қатаң сақтаудамын. Соған байланысты жұмысты да қашықтан жалғастырамын», — деп жазды ол Facebook әлеуметтік желісінде.

М.Әшімбаев атап өткендей, елімізде өкінішке қарай, пандемияның екпіні әлі бәсеңдемей тұр.

«Сондықтан арқаны кеңге салып, сақтық шараларына бейжай қарауға болмайды. Бұл, ең алдымен, өзіміз және туған-туыстарымыз үшін аса маңызды. Ендеше індеттің алдын алуға баса мән берейік», — деді Сенат спикері.