Бағзы заманнан бері қазақ қоғамындағы әйелдің, ананың рөлі асқақ һәм биік. Әйтпесе, Айша анадай ақылды, Домалақтай дана, Бопайдай байыпты, Томиристей тапқыр, Әлиядай әдемі, Мәншүктей мықтыларды туғызып, тарих бетінде сақтамас едік. Олардың адамдығы мен адалдығын, батырлығы мен батылдығын, қарапайымдылығы мен қайрымдылығын, табандылығы мен төзімділігін бойтұмардай үлгі еткен абзал аналарымыздың қатары аз емес. Солардың ішінде ғасыр жасап, ауыл-елге мінезімен сыйлы, еңбегімен елеулі, өмірімен өнеге болған Қапиза Қабдолқызы бар. 1924 жылы Елтай ауылында Теректі жерінде дүние есігін ашқан ардақты жан тағдырдың тауқыметін аз тартпаса керек. Әкесі Қабдолла мен анасы Қатираның тұңғышы 1932-1933 жылғы аштықты да көріп, Екінші Дүниежүзілік соғыстың зардабын халықпен бірге тартты. Ата-анадан тараған жетеудің үлкені болғандықтан шығар арқалаған жүгі де ауыр емес еді. Еңбекке ерте араласса да білім алу керектігін әу бастан түсініп Мұқанғазы Сиранов сынды асыл ұстаздың алдын көруге асығып, Елтай орта мектебін өте жақсы деген бағамен тәмәмдап шықты. Өнерімен де, ісімен де сол кездегі оқушыларға ерекше үлгі бола білді.  1941 жылы соғыс басталған шақта ауылдық Кеңестің төрағасы болып жүрген әкесі азаматтардың қатарына қосылып майданға аттанып кетеді. Әкесіне күш беріп, анасына қуат болған Қапиза анамыз артынан ерген Бәдел, Тарих, Сайполла, Шаймерден, Шамұрат сынды бауырларын алға жетелей түсті. Егісте қол орақпен шөп шауып, соғыс тұсында әр адамға берілетін аздаған тағамды талғажау етті. Жастайынан оқудың пайдасын түсінгендіктен орта мектепті тәмәмдаған соң, Атыраудағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын институтқа түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Жинақтаған тәжірибесі мен білімін өзінен кейінгі жастармен бөліскісі кеп, зор қуанышпен өскен ортасына жас маман болып оралады. Мұғалімдік қызметімен қатар, бастауыш партия ұйымдарына жетекшілік етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1944 жылы Индербор қалашығындағы мектепте білім беру жолын жалғастырады. Бұл жердегі қызыметте жүріп, мектептің шаруашылығымен айналысатын Машаев Батыр атамызды кезіктіреді. Жастар әп дегеннен тіл табысып, көңіл жарастырып 1945 жылы отбасылық өмірге қадам басады. Құтты қадамдарын ата-ана, бауырлары қолдап, ауыл мен ел қолпаштап сол кездегі таршылыққа қарамастан, көңіл кеңдігінің арқасында әдемі тойларын өткізеді. Отбасыларының берекесін асырып дүниеге тұңғыштары Қуандық Батырұлы келеді. Ол бүгінгі таңда Қазақстанның белгілі журналисі,қоғам қайраткері. Ғажайып ата-ананың маңдайына 15 ұл-қызды нәсіп етеді. Дегенмен, олардың арасынан Еріс, Талап, Талғат, Ғайни, Әділ секілді ұлдары мәңгі мекендеріне аттанып кетті. Бұл әрине бауыр еті баласынан ажыраған ата-ана үшін орны толмас қасіретке айналса да, ерік- жігерлері жасымай қалған балаларының келер күнін ойлады. Амандығын тіледі. Батыр атамыз бен Қапиза анамыздан тараған ұл мен қыздары “Ана алдында-құрмет, Ата алдында-қызмет” етер азаматтарға айналып, бүгінгі таңда ел мен жер мәселесіне, облыс пен аудандағы түйіткілді шаруаларды шешуге бір кісідей атсалысып, өз істерінің үздігі атанып, берекелі де мерекелі шаңыраққа айналып отыр. Ұл мен қыздарынан 152 немере-жиен, шөбере, шөпшек көрген Қапиза анамыз ғасырлық ғұмыр кешіп 2021 жылдың наурыз айында жарық жалғанмен қош айтысып кетті. Шәкірттеріне аяулы ұстаз, кітапсүйер оқырманға жүзі жарқын кітапханашы болып еңбек еткен абзал анамыз ісімен де, жүзімен де, тәрбиесімен де, сөзімен де елдің аңыз әжесіне айналып еді. Республикадағы, ауыл, аудандағы басшылық та жас күнінен бастап қоғамға еткен еңбегі үшін анамызға марапаттарын тапсырып, қошеметтерін білдіріп, “Тыл қайраткері” атағымен де абыройын асырды.

    Батыр атамыз да өмірден озғанымен ұзақ жылдар бойы орманшы болып еткен еңбегі ескеріліп, Жайық жағасындағы тоғайға “Батыр” аты берілді. Жайқалып өскен тоғайды бүгінгі таңда әке ізін жалғап Тоғай баласы гүлдендіріп отыр.

    Қапиза әжеміздің аңызға татыр қазақ әйелінің болмысын тұла бойына жинауы, өмірді ерекше сүюі, қиын шақтарда морт сынбас жігерлі болуы, адамзаттың бәріне бауырым деп құшақ жаюы оны ғасыр жасар кейуанаға айналдырғандай. Өмірден өзі кетсе де, бата тілегін алған халқының, ұрпағының жадында өшпес есімге айналып XXI ғасыр тарихының маңдайындағы аңыз ана болып қалары сөзсіз.

                                                                                                                                 Сәмешов Қуанышкерей,

                                                                           «Атырау облысының Құрметті азаматы»

                                                                                           Ниязбаева Асылай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *