Бірнеше аптадан бері Қазақстанды бір арман-елес кезіп жүр: ол – «көлеңкелі үкімет» құру мәселесі. Ал, шын мәнінде, бұл жобаның жүзеге асуы мүмкін бе? Әлемдік тәжірибеде бар нәрсе Қазақстанда жұмыс істеп жатса, бұл халыққа қаншалықты пайдалы?

«Көлеңкелі үкімет» көпті соңынан ерте ала ма?

Әрине, мұны жүзеге асырмақ болып жатқандардың ортақ мақсаты біреу ғана: ол – қазіргі Мамин басқарып отырған билікке  балама үкімет құру. Мәселенің ең бастысы мынада: халықтық деп отырған «көлеңкелі үкімет» көпшілікті соңынан ерте ала ма?

– Біз әлеуметтік желіде халыққа осы ұсыныспен шықтық. Қазақстан азаматтары, қоғамдық бірлестіктер, партиялар өз кандидатураларын немесе басқа үміткерлерді ұсынады. Әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы біз басты кандидатты анықтаймыз. Кім көп дауыс жинайды, сол біздің оппозициялық үкіметтің министрі болады, – деді «Ел тірегі» партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев.

Еліміздегі билеуші партия – «Нұр Отанның» құрамынан шығып, оппозицияға кеткен Нұржан Әлтаевтың бұл ұсынысын көпшілік қолдап жатқаны да ақиқат. Украинаға  барып, грузин Михаил Саакашвилиден демократиялық дәріс алып келген Әлтаевтың «балама үкімет» құруға әл-қуаты жете ме? Жалпы, бұл жобаға Қазақстан халқы дайын ба? Негізі, еліміздегі кез келген саяси оқиғаларды таразылауға халық дайын, бірақ мұны біздің билік жүзеге асырта қояр ма екен?! Мұндай дүдәмал сауалдардың қойылуы да заңды. Әлтаевтың жобасын қолдайтындар жоқ емес. Өз жақтастарын былай қойғанда, мәжілістегі оппозициялық партия саналатын  «Ақ жол» партиясының өкілі Берік Дүйсембинов Нұржан Әлтаевтың жобасына немқұрайды қарай алмайтынын аңғартты. «Балама үкіметтің» жұмысын, оның қажеттілігін де жоққа шығармады.  Берік Дүйсембинов Әлтаев туралы: «Ол билік партиясында болды. Тәжірибесі бар. Ел  экономикасын, халықтың жағдайын жақсартамыз десе, іске сәт!» – деді. Демек, жұртшылықтың қазіргі уақытта бір нәрсені күтіп отырған жайы бар: экс-«нұротандық» Әлтаев, шын мәнінде, «балама үкімет» құра ала ма?

Әзірге, әлеуметтік желі арқылы жұмысын күшейтіп жатқан, әлі құрыла қоймаған «Ел тірегі» партиясының мүшелері жобаға белсене кірісті. Нұржан Әлтаевтың өзі болса, «министрлерді халық сайлауы керек» деген ойда. Халықтық үкіметті Әлтаев бір айдың ішінде жасақтамақ. Негізі, осыған байланысты алғашқы отырыс та өтті. Бірақ оппозициядағы белсенділердің бұл әрекетін өзінікінен басқасын «дұрыс» деп есептей алмайтын бүгінгі билік қалай қабылдайды? Меніңше, бұған барынша, кедергі жасауға тырысады. Бірақ халықтық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі болмай отырған Маминнің бүгінгі министрлер кабинетіне, шын мәнінде, балама үкімет керек. Билік дәлізінде жүрген бай-оғландарды ғана байытқан шенеуніктерге  балама үкіметтің де ой-пікірін естігені дұрыс. Пандемия кезінде халықты дәрі-дәрмекпен жабдықтай алмаған Маминнің министрлер кабинеті араға ай салып, тағы сол құраммен жұмысын жалғастырып жатыр.

– Ең басты міндет – ресми үкіметке балама бола отырып, олардың жұмысының кем-кетігін көрсету, толықтыру, дұрыс бағыт-бағдар беру. Бұл бүйректен сирақ шығару емес. Қалайда елдің әлеуметтік жағдайын арттырып, заңдардың халық үшін жұмыс жасауын жақсарту, ұлт мүддесін алдыңғы қатарға шығару, – дейді соңғы жылдары өзіндік ой-пікірлерін батыл айтып, елімізде экопартия құрмақ болып жүрген Азаматхан Әміртай.

Ақиқатында, балама үкіметтен билік қорықпауы тиіс. Қайта балама үкімет қазіргі билікке бәсекелес болады. Ортақ ой-ұстанымдардың нәтижесінде, сапалы заңдар мен халықтық жобалар өмірге келеді. Жүзеге асады. Қазіргідей халықтың жағдайы күннен-күнге қиындап, баға өсіп, оны құрықтау мүмкін болмай бара жатқан уақытта мұндай оппозициялық жоба керек.

Жалпы, балама үкімет құру жобасы Қазақстан тарихында бұрын да саяси сахнадан қылаң берген. Осыдан ондаған жыл бұрын оппозиция белсенділері Ораз Жандосов пен  Болат Әбілов «көлеңкелі үкімет» пе, «балама үкімет» пе құрмақшы болған. Тіпті, кімнің қай министрлікке баратыны да атап көрсетіліп, олардың аты-жөндері де айтылған. Алайда оппозицияны үнемі қақ бөліп, өз дегенін жүргізуге үйреніп қалған біздің билік бұл жобаны да болдыртпай тастаған. Бірақ қазіргі кезең 2010 жылғы уақыт емес. Халықтың санасы оянды. Өмір алға жылжып барады. Төмендегілер бұрынғыша, өмір сүргісі келмейді. Ал жоғарыдағылар жаңаша басқара алмай жатқаны, ол енді шындық. Сондықтан дәл қазіргі қым-қуыт, экономика тұралап, халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайы қиындаған кезеңде бүгінгі билікке балама үкімет керек. Мұны билік те түсінуі тиіс және ешқандай кедергі жасамауы керек. Ресми үкіметтің жұмысын бақылай алатын  халықтық үкімет қажет. Ал мұны балама үкімет жүзеге асыра алады. Сондықтан бізге, шын мәнінде, халықтық министрлер кабинеті керек.

Әлемдік тәжірибе Қазақстанда жүзеге аса ма?

Егер бүгінгі жалтақ билік, шын мәнінде, мұны жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, Қазақстанда құрылмақ болып жатқан балама үкіметтен көп үміт күтуге болады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Еуропа елдерінде, атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания, сондай-ақ Канада және тағы басқа мемлекеттерде мұндай жүйе бар. Тек оларда бұл жоба «көлеңкелі үкімет» деп аталады. Біздегіні балама деген дұрыс шығар. Британия парламенттік жүйесінде оппозиция депутаттарының ресми түрде жұмыс істейтін «көлеңкелі кабинеті» бар. Олар британ билігінің қалт кетпеуін қадағалап отырады. Түзейді, сынайды, мінейді. Ақыры, ортақ мақсат үшін дұрыс жолға салады.  

Британ парламентіндегі «көлеңкелі кабинеттің» белсенділігі жоғары. Мұны билік те, халық та мойындайды. Сондықтан да болар, олар тиісті депутаттық айлығының үстіне қосымша жалақы алады. Британияның «көлеңкелі кабинеті» билік тарапынан саяси белсенділігі үшін осылай қаржыландырылып отырады. «Көлеңкелі кабинеттің» құрамына оппозицияның барлық мүшелері кіреді. Мейлі, Британия парламентіне қай партия келсін, олар міндетті түрде «көлеңкелі кабинет» құрамын жасақтайды. Бұл қалыптасқан, жүздеген жылдардан бері келе жатқан дәстүр.

Осыдан біршама уақыт бұрын Беларусь елінде де наразылық шеруі бірнеше айға созылған уақытта Светлана Тихановская Лукашенко билігіне қарсы «балама үкімет» құрмақ болған. Алайда авторитарлық-тоталитарлық жүйе бұған еш мүмкіндік бермеді. Ақыры, оппозиция лидері Тихановская шетелге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болды.

Тіпті, белгілі бір елдерде ғана емес, саясатты болжап,  реттеп отыратын «әлемнің көлеңкелі үкіметі» де бар. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын АҚШ-та Бильдерберг клубының филиалы ашылғаны белгілі. Бұл клубтың мақсаты не? Оған төрткіл дүниедегі айтқаны айдай келетін сарапшылар, алпауыт елдердің мықты қаржыгерлері мен ықпалды саясаттанушылары мүше. Аталған клубтың алғашқы отырысы 1952 жылы Нидерландыдағы «Бильдерберг» қонақүйінде өткен. Содан бері әлемдік саясатты реттейтін Бильдерберг жиыны үнемі жабық жағдайда өтіп келеді. Онда не талқыланады – соның бәрі бірнеше жылдан кейін әлемдік саясатта біртіндеп жүзеге аса бастайды.

Демек, әлемдік тәжірибеде бар дәстүрден Қазақстан да қалыс қалмауы тиіс. Қазақстан парламентінде қазір биліктің, «Нұр Отанның»  айтқанынан шыға алмайтын қуыршақ партиялар отыр. Тек оппозициялық деген аты ғана. Сондықтан да халықтық балама үкімет керек. Англияда «көлеңкелі үкіметтің» мүшелері тұрақты түрде биліктің жиналысы мен отырысына қатысып, министрлердің  кез келген жобасына қарсы өз пікірлерін білдіреді.

Қазақстандық «балама үкіметтің» мүшелері де «заң жобалары мен үкіметтің бағдарламаларын талқылауға белсенді түрде қатысамыз» деп отыр. Белсенділердің ойынша, билік балама үкіметтен қорықпауы тиіс. Бұдан тек қана халық ұтады. Бірақ бұл қаншалықты жүзеге асады, оны енді уақыт көрсетеді.

Батыр Жасұлан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *