Бейбарыс Ұзақбаев 1999 жылы 5 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.

Әкем ылғи айтып отыратын…

Қартайып қазір бара жатқанын,

Өмірде кеткен алажақтарын.

Бұл өмір сонша жалған  екенін,

Ескертіп қойып ана жақ барын,

…Әке-е-м ылғи айтып отыратын.

Қу тірлік талай құлатқандығын,

Анамды қалай ұнатқандығын,

Жас болған сəтін жанарға алып,

Жалғыздық мұңы жылатқандығын,

…Әке-е-м ылғи айтып отыратын.

Тізіліп тұрған күдіктер жайлы,

Қыл мойын қатын көріпкел жайлы,

Адасқан ашу адасып жүріп,

Аңдаусыз басқан шүріппе жайлы,

…Әке-е-м ылғи айтып отыратын.

Суық күндерде жалаң жатқанын,

Соңғы көрпені ажал жапқанын,

Оңаша қалса өксіп отырып,

Анамның қалай қаза тапқанын,

…Әке-е-м ылғи айтып отыратын.

Серік деп жүріп сенгендерін де,

Еліктеп жүріп көргендерін де,

Ажал ауызын айға қаратып,

Алапат дертті жеңгендерін де,

…Әке-е-м ылғи айтып отыратын.

Тағдыр айласын білем дегені,

Сонда да өмір сүрем дегені.

Əкемнің айтқан əнгімелері –

Құдайға үнсіз ренжегені…

Сірә…

Сағынатыным бір,

Жазатыным бір түнімен,

Сағыныштарға жетелей берді толы үміт.

Жүрегіңізге жолаушы болып шығып ем,

Бір де бір жан да тоқтамады ғой жолығып.

Асығыс бəрі,

Асығып жүріп от басар,

Күнім де өтер, түнім де өтер күткенше.

Тым құрығанда біреуі келіп тоқтаса,

Өз жүрегімді берер ем саған жеткенше.

Махаббаттан да болып барамын мақұрым,

Сүйген жүрегім кеткеннен соң ба шалғайға?

Тіке жолменен өзіңе біраз шақырым,

Төте жолыңмен тікелей кетсем болмай ма?

Құрысын бəрі,

Бəрі де саған беттесін,

Күміс құлыппен кілтеулі тұрсын қамалың.

Кешігіп келсем, көріктім, айып етпессің,

Жүрегіңе жаяулап кетіп барамын.

Сүйесің ғой айтшы я

Распа бəрі?

Аяғына жетпеді дастан əлі…

Мен бəрін де білдім ғой, бəрін білдім,

Бұл əңгіме басынан басталғалы.

Сен тағы да өкпелеп жатырмысың,

Атағымды аңсатқан атым құрсын.

Мен ұнатқан осы сен ақымақсың,

Мені сүйген осы сен ақылдысын.

Ақылдысын сүйгенге мені қайтып,

Мен қоямын өзіңді сəл мұңайтып.

Қанша күнəм бар екен айтшы соны,

Кері өзіме айналып келер қайтып.

Бастамасы осы ма біз ұққан тек,

Жексұрындық,

Сатқындық,

Күдік

Əдет.

Кейде қоям ойланып

Соның бəрі

Күнəсі жоқ Құдайға қызықпа деп.

Налып тағы намысымды жоқтадым,

Жүрек құрғыр тоқтап қалғыр тоқтағын,

Мені ұнатқан бір арудын арқасы,

Бүгін жалғыз отқаным.

Жер бетінен жоғалды ма мәңгі олар?

Махаббатта мазмұнда бар мән де бар,

Бұл кафенің қосып қойған әуені,

Жүрегімнің нотасына дәлме-дәл.

Өзі көркем көзі мөлдір, жаны жыр,

Ол сұлу да бір ақының бағы бір.

Сұлуымды  әуенімен әрлеген,

Қай әншінін әні бұл?!

Қалғып кеткен  көнілімді ояттың,

Осы маған таныс әуен сияқты үн.

Әнін жазған композитор кім екен?

Сөзін жазған қай ақын?

Отырмысың жалғыз болып өтсін деп,

Махаббаттың зар қайғысын төксін деп,

Саған бола жазды ма екен әуенді,

Сол әуеннің ырғағында кетсін деп.

Ей, өкініш, өкпе артумен əлі жүр,

Ұсынайын алшы, қалқам, тағы гүл.

Елесіңмен есім кетіп билейін,

Маэстро, қайталашы тағы бір.

Күте-күте шаршайтын да шығарсың,

Сүрте-сүрте көздің жасын жалығып.

Кейде мені аңсайтын да шығарсың,

Өткен күнді сағынып.

Ескі мұңынан жалығатын шығарсың,

Үркіп-қашып, үнсіздікте өкініп.

Жалғызбын деп қамығатын шығарсың,

Жалғыздығың – өтірік.

Ағыл-тегіл жылайтын да шығарсың,

Аспаныңнан жас жаңбырша төгіліп.

Соныңменен ұнайтын да шығарсың,

Сол қалпыңда көрініп.

Іштен тынып, тұншығатын шығарсың,

Өз ішіңде үнсіздікпен сыналып.

Бір көруге құлшынатын шығарсың,

Бірде мүлде жоғалып.

Тулай, тулай  үнсіз қалған шығарсың,

Жүре,жүре бақыт сырын ұғармын.

Бəлкім, солай менсіз қалған шығарсың,

Бəлкім, солай сенсіз қалған шығармын.

Бейбарыс Ұзақбаев

2020.11.13.  23:30

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *