«Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүрген қоғам». Эммануил Канттың «Мемлекет дегеніміз құқыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі және бар. Иә, ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сонда ғана қоғам ұзақ уақыт орнықты дамиды. Біз де құқықтық мемлекет құруды мақсат тұтқан елміз. 25 жыл бұрын, кезінде қазақ қоғамының құқықтық тепе-теңдігін сақтауға ықпал еткен халықтық асыл қазыналар болып табылатын Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен «Қасымханның қасқа жолына» пара-пар келетін Тәуелсіз Қазақ елінің Конституциясы қабылданды. Ширек ғасыр бедерінде жас мемлекетте заңдылықты орнықтыру өз ретімен жүзеге асып келеді. Бұл – бәріміздің ортақ іске жұмыла кіріскеніміздің нәтижесі. Олай болса, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында еселі еңбек еткен жандарға құрмет көрсетіліп жатса құба-құп.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында сондай игілікті іс-шара «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінде өтті. Орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері, атақты ғалым, Өмірзақ Озғанбаев бірқатар азаматтарға «Қазақстан Республикалық Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін табыстады. Бұл награда Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан еліміздің, сондай-ақ шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың арнайы жарлығы бойынша тағайындалғанын атап өткен жөн.    

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *