«Атырау облысы Исатай аудандық полиция бөліміне ерекше алғысымды білдіремін. Кішкентай ұлымыз Нұриманның бала арманы полиция қызметкері болу. Ауданымыздың полицейлері Нұриманды бұдан бұрын да бөлімге әкеліп, жұмыс барысымен «таныстырған» еді. Осы жолы ұлымыздың туған күнін ескерусіз қалдырмай, үйімізге арнайы келіп құттықтады. Балаға бұдан артық қандай сый керек! Арманын орындап, онымен қоймай сыйлықтарын беріп, патрульдік көлікпен аудан ішін аралатып, қыдыртып қайтты. Баламыздың қуанышында шек жоқ, қуанып мәз болды. Жұмыстарыңызға толағай табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!», деп жазды баланың анасы Надежда.Нұриман отбасындағы екі ұлдың бірі. Қоғам тыныштығын күзеткен полицей ағаларына еліктеп, жол қауіпсіздігін қадағалап тұруды әдетке айналдырған. Тіпті балақайдың бейнежазбасы әлеуметтік желілерге де тез тарап кеткен.
Исатайлық полицейлер 5-жастағы Нұриманның бұл қылығын мақтан тұтады. Қызығынан қиындығы басым салада жүрген сақшылар оның аман-есен ер жетіп, бала арманының орындалуын тілейді.
Атырау облысы ПД баспасөз қызметі