Дәурен Тілеухан — Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Көрпе ауылында дүниеге келген. “Сағыныш сыбыры” кітабының авторы. Халықаралық «Алтын қалам» байқауының «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯ» аталымының жеңімпазы.Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ-нің студенті.
СӨЗСІЗ
«О, если б без слова
Сказаться душой было можно!..»
© А.Фет
«Әлденені айтамын…Тек ішімнен…»
© Е.Жүніс
Жүректе—жамау-қайғы,
жанарда—мұң,
Жазам деп өлмес өлең тағы алдадым.
Жарқ еткен жан сәулемнің жарығым-ай,
«Шіркі-ін, сөзсіз жеткізсем саған бәрін!..»
Қайықтай қаңыраған жағалауда,
Қайтейін, арман болып қалар ол да.
Сен едің—сиқыр сезім,
сол сезімнің—
Теңеуін тіл мен жүрек таба алар ма?..
Өртенген түндерім көп содан менің,
Сен үшін содан бері көп әуремін.
Ұйқасты, тіркесті де қажет қылмас,
Жүректің құпиясы болар дедім.
Сол Жүрек болмаса егер мұң сыздаған–
Күншіл-бақ, кісәпір-жыл құнсыз маған.
Білерім— жалған сезім, жылтыр сөзден,
мың есе артық біздің Үнсіз ғалам!..
Тапқандай бақытының бәрін содан,
Сабырға келмес, сірә, сағынса адам.
…Өзіңсіз көңілсіз күн кешеремді—
Тек үнсіз жеткізсем ғой, жаным, саған!…
(… Қайтейін…)
Бәрін соның түске балап, бәлкім мен—
Жолда жүрмін арты—азап та,
Алды—Мұң.
Енді міне, біз өртенген әр Түннен–
Теріп келем Қуаныштың қалдығын.
Шоққа айналды шалажансар от-Үміт,
Көкірегімде көлдей Мұң.
Сен тұрмысқа шықты дейді ел—
Ө – ті – рік!
Ешбіріне сенбеймін!..
Миға кірмей көңілді Ой,
Тыңдадым ба-ей өзгелердің өсегін.
…сондай Сұлу боп жүретін едің ғой,
сондай Суық боп кеткенің не сенің?..
Ей, жүрегім, үмітіңді үзбеші,
(біліп тұрып бүлдіреді кейде адам.)
Қателіктің Қайғысы емес, бізді осы—
Дұрыстықтың Азабы ғой қинаған.
Азабым ба—көңілімнен кетпеуің?
Табылмай жүр жан емі.
Өкініш сол—өртке оранған өткенім,
Сені есіме салды бүгін – әдейі!..
Рельс-өмір: арты—алыс та,
Алды—ұзақ
Бәлкім, мен де бақытыма аз қалдым(?)
Қимас сәттің елесі жүр (жалғыз-ақ!)—
Перронында Вокзалдың…
Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?..
Бәрібір бақ-баянсыз, ғұмыр-сағым…
Айласын асыра алмас жалған өмір,
Қайдасың, құмға аунаған құлын-шағым?..
Алғаусыз шаттығымды аңсап небір,
Армансыз тәтті күнді аңсап небір,
Сарғайса сартап болған сағынышым—
Мен енді не істей алам?..
«Сап-сап көңіл!..»
Дәм татып сүйініштен, күйініштен
Біз солай өтеміз бе тынып іштен?..
Жазира жазық қалар жадымызда,
Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен…
Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған—
Түнде де тыным бермес мендегі арман.
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..
Туған жер!
Туған дала, топырағым!
(Қайран жас қайдан білсін опынарын?..)
…Көз алдым күрең тартып, ауылды аңсап,
Бозарып балконда үнсіз отырамын…
OBSCURUM-2
«Жақсы көргім келмейді!..» — деші, мейлі—
Өшіре алмай келемін осы Үрейді.
Кешірімді біздерге қимаған Күз
Есігімнің алдында есінейді.
Сөнді тағы сезімсіз от-жүрегім.
От-жүрегің сенің де дертті ме еді?!
Жанымды әзер сақтап ем жалыныңнан,
Көлеңкең де күйдіріп кетті мені.
Жапырағын жанымның желге бердім,
Сенделермін осылай, емделермін.
Жұбың жазбай жөңкіген жауар бұлтпен
Сен де кетіп барасың…
Мен де көндім…
Көндік солай.
Көңіл тұр маздап, жүдеп,
Алдарқатар Ай да жоқ «аз қалды» деп.
Бізге бағын бұлдаған бес-ақ күндік—
Жалған осы!
Жабықпа, жазған Жүрек!..
Бебеулейді бір Үміт бұрынғы үшін.
Сыртым — бүтін, қайтейін, құбылды ішім…
(…Қараңғыдан қорқатын болса керек,
Кірпік қақпай қойды ғой бүгінгі Түн?)
Шақырымдар арасы шалғай бүгін.
Сынық қанат сары Күз.
Сарғайды Мұң.
Бүгінгі түн суықтау…
қандай қиын—
Аспаныңды жылыта алмайтыным!..
СЫБЫР
“…Құрып кеткір өлеңді жазам бекер…”
Мейірхан Ақдәулетұлы
Көп айыбым көшер қандай амалға?..
Санай-санай сарғаяды санам да…
Абайламай ағат кетіп, от басып,
Талай-талай жас үйірдім жанарға.
“Ақынсың!” деп қаққанда жұрт арқамнан,
Кеудемсоқтай шалқып жаттым шалқамнан.
…Уа, Қара Өлең!
Шатпақ жазған шалдуар,
Қадіріңді қайдан ұқсын нәр тамған?!
Мың сұлуды жырға қосып мәз боп ек,
(Қайдасың сен
бекзада өнер, бағзы әдеп?!)
Өкпелеген жүрек байғұс жүр қазір:
«Бүйткен Өлең құрып кетсін, жазба!» деп…
Желбіресе уақыт-кеме желкені,
Ермен қайғы езіп барады еңсені.
Ессіз көпті емексітер жалғыз сөз—
“Мәңгілік Ел!”—
Ең тамаша ертегі!
Үркек-үміт жанарынан мұң сырғып—
«Азатпыз!» деп қымсындық та күрсіндік…
Сыртқа шықпай, сыбыр еткен кеудемнің,
Сол тұсында өліп кетті бір шындық!
Тәтті үндерге масаттанып қоғамдық,
Жат тілдерге жұтылдық та…жоғалдық.
…Серттен тайып сызат салсам мен саған,
Кешір мені, ОБАЛ және
АДАЛДЫҚ!
ЖҰБАТУ
Мезі боп мағынасыз мұнша күннен,
Келмей жүр тұмса жырға мұрша мүлдем.
Мейірсіз жүректердің табасынан,
Жұбатар жалғыз сөзге сусадым мен!
Қиырдан қылаң берсе таң елесі—
Басталар күйбең күннің жаңа көші.
Кеткен қыз, қашқан досқа қапа болған,
Қайран жыл қайда зулап барады осы?..
Сыздаған,
солқылдаған,
сор қайнаған,
Сәттердің е-ең ауырын таңдай ма адам?
Сен бар деп сүйген мынау махаббаттың,
Сағымға айналғаны қандай жаман!
Көңілге медет көрмей көп өлеңді,
үйрендім—ессіздікті, елемеуді…
Ақан сері көшесін кезуменен,
Ақын шерін ақтарып келем енді.
Бәлкім, сен де сенбессің сандырақ деп?
(Бізден де өтер асау кез, арғымақ кез…)
. . . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . . .
«ӨМІР» шығар, кім білсін, қам көңілді—
Жұбататын жалғыз сөз, жалғыз-ақ сөз?!
«ӨМІР» шығар…