Атырау өлкесі тарихшы ғалымдарымыздың зерттеуінше бұдан мың-миллион жылдар бұрынғы ертеде Хазар, бүгінде Каспий аталатын зор теңіздің түрлі өзгерістерден соң құрғаған орны екен. Алып теңіз заманында Арал теңізімен біртұтас су бассейні болса керек.
Қалай дегенде де мұнайдың қасиетін жергілікті халық баяғыдан-ақ білген ғой. Бабалар атауы бойынша мұнай – «жермайы». Қазақ мұнайының, Ембі мұнайының атасы – Доссор деп білеміз.
Атыраулық ақын Мақсұт аға Неталиев «Доссор» поэмасында былай деп жырлайтыны бар.
Жем қайда?..
Сағыз қайда?..-кешегі бір,
Көмкеріп кең жазықты өседі гүл.
Доссорды қолдан құрған қариялар:
«Кіндігі қара алтынның!»- деседі бұл.

-Ақсақал, жатқа айтсақ та бүгінгісін,
Білмейміз бұл өлкенің бұрынғысын…
Осыны айтсаңыз?- деп қолқалаймыз,-
Қай кезде қала болып құрылды шын?

Қақты ма қиял тербеп ой қанатын:
«Өмір ғой,-деп бастады ол,
ойланатын!
Дос деген – адам аты,
Мекені – сор…
Доссор деп сол себептен қойған атын…»

Жайықтың жеткізбейтін Жемге арасы,
Білді енді оның сырын бел баласы!
Сондағы құба жонға қанат жайып,
Орнады қара алтынның кен қаласы!

«Ел жаңа елу жылда»-ел есебі:
« Жетібай»…
«Өзен»…
«Теңіз»-тел өседі…
Маңғыстау мұнарасын қоссақ бұған,
Доссордың қайда кетпек келешегі?!

(Мақсұт Неталиев, «Доссор», «Ана тілі», 31-32, 4-17.08.2011)

Ақын 1961 жылы осылай толғаған екен.Сол жылдардың өзінде болашақ мұнай алыбы Теңізді жырға қосқан ақынның арқалы қасиетіне бас иеміз.
Жалпы қазақ мұнайы дегенде,жер туралы айтқанда Доссорды, ер туралы айтқанда ұлтымыздың даңқты перзенттері: академик, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов екеуінің есімдерімен қатар әйгілі мұнайшы Сафи Өтебаевты алдымен ауызға аламыз.
Олай дейтініміз Қазақстанға еңбегі сіңген мұнайшы-геолог, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Таумыш Жұмағалиевтің естелігінде жазылғандай: «1962 жылы Маңғыстауды Түркімендерге беру туралы дүркін – дүркін Мәскеуден комиссиялар келіп, әңгімелер көбейіп, Орталық Комитеттің пленумына ұсыныстар дайындалыпты. Әрине, бас хатшы Н.С. Хрущевтің мінезі мен іс-қимылдарындағы оқыс әрекеттер күтпеген жағдайларға соқтыруы мүмкін екені көпшілікке мәлім еді. Бір кезде У. Черчилль Н. Хрущев туралы айта келіп,оның басты қатесі терең құздан екі рет, ырғып өтуге тырысқанында десе, келтірілген жағдай да соның біріне ұқсайтын сияқты… Орталықтағы биліктегілерде Қазақстан өндірістік-техникалық базасы нашар дамыған, өзінің мамандарының күшімен табиғи байлықтарды игере ала ма деген күмән туады.
Республикада Түркіменстанға кен орындарын бермеу мәселесі жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, оны Академия Президенті Қаныш Сәтбаев басқарды. Ленин сыйлығының лауреаттары-геология министрі Ш. Есенов, Батыс Қазақстан геология басқармасының бас геологы Н.О. Имашев осы комиссияның құрамына енгізіліпті. Комиссия басшылары 1962 жылдың аяғында Мәскеуге барып, аталмыш мәселені талқылағанда,одақтық орта машина жасау министрі Е.Б. Славский, геология министрі А.В. Сидоренко қазақстандықтарға құрметпен қарап, қолдапты. Сондай-ақ, мұнай өнеркәсібі министрі С.А. Оруджев «Жетібайдың» ашылғанына ризашылық білдіріп,
«Қазақстан үлкен мұнайды ашқан болса,оны игеру де қолынан келеді»- деп,
Қ.И. Сәтбаев басқарған комиссияның шешімі қолдапты.
Сонымен, «Ұйқыдағы ару»деп өзі атаған Маңғыстаудай «аруды» ұйқысынан оятып, орынсыз «ұзатылудан» Қаныш Имантайұлының арашалап қалғанын еш уақытта ұмытпалық, ағайын!
Республикада Түркіменстанға кен орындарын бермеу мәселесі жөнінде комиссия құрылып,оны Академия Президенті Қаныш Сәтбаев басқарды.
(«Әлемге әйгілі геолог-ғалым», «Атырау», №84 , 16.07.2009.)
Қазақстан мұнайын Маңғыстау мұнайынсыз көзге елестете алмайтынымыз белгілі.Осы Маңғыстау мұнайын игеру идеясының басында академик Қ.Сәтбаевпен бірге бір қатарда мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов тұрады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Гүлнәр Жұмабайқызының «Ел-жұртын сағынумен өткен ғұмыр» эссесінен бір үзік естелікті сөйлетіп көрелік
1962 жылы Н. Хрущев Алматыға келетін болып, Орталық партия комитетінің хатшысы Д. Қонаев телефон соғып: «Нұреке, Құбашев екеуіңіз Алматыға келесіздер. Хрущевтің алдына қоятын мәселелеріңіз маңызды болсын және екі- үштен аспасын»,- дейді.Ақылдаса келе, бірінші – Маңғыстаудағы мұнай көзін игеру, екінші – Маңғыстауда теңіз түбінен алынатын ұлутасты құрылысқа пайдалану, үшінші – Маңғыстауға теміржол мен тасжол салу жайын айтпақ болады.Алғашқы екі ұсынысты да жаратпай тастайды. «Никита Сергеевич, Маңғыстауға теміржол салуға қаражат керек!» деп үшінші ұсынысты айтып тоқтағанда, Хрущев одан сайын ашуланып, шаптығып, тіпті ерсілеу, мемлекет басшысының ауызынан шығатындай емес өте дөрекі анекдот айтып, Оңдасынов пікірін қолдамайтынын ашық білдіреді. Ұрда-жық Хрущевтің бұл әрекетіне ешкім араласпады. Мәжілісті жүргізіп отырған Қонаев та ешкімді жақтап төрелік айтпады. Нұртас Дәндібайұлы Никита Хрущевтің намысына тиген сөздеріне шыдай алмай, жасы жетпесе де зейнеткерлікке шығуға өз еркімен арыз берді. Оңдасыновтың Хрущевтің алдына қойған мәселелерінің өте орынды болғанын қазіргі кезде уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
( «Айқын», №177, 22.11.2017)
Қазақ мұнайы дегенде есімі ерекше құрметпен аталатын ардақты есім – қазақтан шыққан алғашқы мұнайшы инженер,қырық жыл осы салада қыруар еңбек еткен Сафи аға Өтебаев. Халқы «Мұнайата» деп еркелеткен 29 жасында Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған қайраткер азаматтың даңқы мен еңбегі Атырау өлкесінен талай-талай мұнайшы мамандар шоғыры түлеп ұшуына өз септігін тигізді.
Абай хакім айтқандай:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғылымды көрсеңіз
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз»,-
деген өсиетінің іс жүзінде орындалғанын өмір көрсетті…
Бүгінде құрылғанына 27 жыл толып отырған дүние жүзіне әйгілі алып кәсіпорын – «Теңізшевройл» ЖШС-і – отандық мұнай өндіруші көшбасшымыз.
Алып кәсіпорынның осы уақыт белесіндегі Қазақстан экономикасын, соның ішінде Атырау облысы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қазақстандық мамандардың өсіп, жоғары инновациялық технологиялардың өндіріске енуіне қосқан үлесі орасан зор екенін айтуға тиістіміз.
Негізгі ой арқауы осы «Теңіз» кенішін алғаш тауып, оны жете зерттеп-зерделеп, өндірістік қуатын алғаш дәлелдеген адамдар жөнінде болмақ.
1957-1997 жылдар аралығында қырық жыл бойы мұнай көздерін ашып, кен орындарын игеруге зор қайрат-жігерін жұмсаған Атырау өлкесіндегі азаматтардың бірі – біздің Индер ауданының төл перзенті, жерлесіміз –Орынғазы аға Есқазиев.
Орынғазы аға туралы 70 жасына орай «Атырау» газетінің меншікті тілшісі Светлана Муньянова былай деп жазады.
«Қазақстан мұнайының 100 жылдығына орай шығарылған 2 томдық
«Қазақстан мұнай энциклопедиясында» Орынғазы ағаның еңбек жолына қомақты орын берілген: «…1957-61 ж.ж.Қошқар мұнай өндіру басқармасында мұнай өндіру және қабаттағы қысымды бірқалыпты ұстау цехтарының операторы, ұңғыларды зерттеу бригадасының шебері, кен орнын пайдалану геологі, 1961-63 ж.ж. Қаратон мұнай өндіру басқармасында аға геолог.
1963-76 ж.ж. «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы бас геологі, 1976-97 ж.ж. «Ембімұнай» бірлестігі геология бөлімінде басшы. 1997жылдан зейнеткер, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994 ж.) «Теңіз кен орнынан басқа 20-дан астам ірілі-уақты кеніштерді ашқан ағамыздың өмір жолы туралы ұзақ әңгімелеуге болады».
(«Теңізді тапқан адам», («Атырау», 9.09.2004ж.)
Осы мақалада мерейгер аға «Теңіз» кенішіне байланысты мынадай естелігімен бөліседі. «Теңіздің» мұнайын барлап, зерттеп, одан кейін бұрғылауға рұқсат алуға қаншама ізденісіміз, күш-жігеріміз, жылдарымыз кетті десеңші! Айтыс-тартыс та, шешендік шеберлігіміз де, майталман біліктілігіміз де сарапқа салынған кез болды ғой ол уақыт…»
Ағамыз ерекше сағынышпен еске алатын сол бір күн – 1979 жылдың 18 желтоқсаны – тек аздаған мұнайшы-геологтар мен мұнайшы-жұмысшылардың, осы шаруаға араласқан 22 ғылыми зерттеу институты ғалымдарының ғана емес, бүкіл Қазақстан деген мемлекет үшін де сәтті күн болып тарихта қалды.
4095 метр тереңдіктен аспанға шапшыған мұнай бұрқағынан басталып, қазақ-американ бірлескен кәсіпорнына айналғанға дейінгі он үш жылдай уақыт аралығындағы қат-қабат, талай-талай ауқымды жұмыстарда ардагер ағаның да өз қолтаңбасы мен іскерлік өрнегі қалды.
1995 жылы 4 сәуірде Үкімет қаулысымен «Батыс Қазақстандағы бірегей, сирек кездесетін «Теңіз» кенішін ашқаны үшін»ғылым мен техника саласындағы қол жеткізген жетістіктеріне орай Мемлекеттік сыйлық алған сегіз азаматтың бірі – Орынғазы аға еді. Ал, қалған жетеудің есімдері: Б. Сағынғалиев, Ж. Досмұхамбетов, Қ. Балжанов, М. Балғымбаев, Б. Еламанов, А. Хисметов, В.П. Авров.
Бұл марапат Еліміздің көрнекті мұнайшы-геологі, бүкіл саналы ғұмырын адал еңбек пен ізденісті ғылымға,асқақ армандар мен ізгілікті ойларға арнаған марғасқа азаматқа берілген мерей мен мәртебе белгісіндей.

Бақыт Амантай