Республика бойынша көптеген мемлекеттік мекемелер карантин салдарынан жұмыс режимін өзгертуге мәжбүр болды. Бұл олардың жұмыс жасауына қалай әсер етіп жатқандығын білу мақсатында мен Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Құспанова Гүлнәр Нәбиқызынан сұқбат алған болатынмын. Ол осындай қиын кезеңде Орталық өздерінің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге біраз күш түскенін айтты.

-Карантин режимі бойынша қашаннан бері жұмыс жасап жатырсыздар?
-Карантин режимі енгізілгенмен, Қалалық жұмыспен қамту орталығы келушілермен тікелей жұмыс жүргізуде. Тек сәуір айының 17-нен 1 мамыр аралығында Орталық онлайн жұмыс режимінде қызмет көрсетті. Қалған уақытта толықтай халықпен тығыз қарым-қатынаста болды.

-Бұл режимнің қиындығы неде? Жұмысытың өнімділігіне қалай әсер етеді?
-Карантин режимінің қиындығы – көптеген мекемелер жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Сонымен қатар, кейбір мекемелердің жұмысы түбегейлі тоқтап, қызметкерлері қысқартуға ұшырап жатты. Бұл бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне, халық арасында әлеуметтік шиеленістің орын алуына әкеліп соғуда. Жұмыспен қамту орталығының жұмысы тікелей халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты болғандықтан, Орталықтың да жұмысына үлкен күш түсуде.

-Халықтың бұған реакциясы қандай болды?
-Жұмыстан қысқартулар, жұмыс жоғалту халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуде. Әрине, бұл халық арасында реніш пен ашу туғызады.

-Халық кезегін сағаттап күн астында күтуге мәжбүр. Оларға қандай жағдайлар жасалған?
-Өздеріңізге бергілі карантиндік режим, сақтық шараларын сақтау мақсатында Жұмыспен қамту орталығы келушілерді сыртта ұстауға мәжбүр. Әрине, бұл келушілерге жайсыздық тудырады. Есік алдына орындықтар қойылып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау үшін белгілер сызылды. Талон нөмірін анық есту үшін сыртқа колонкалар да орнатылды.

-Орталықтың алдағы уақытқа жоспарлары қандай?
-Жұмыспен қамту орталығының жоспары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларына жергілікті тұрғындарды тарту. Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру.

-Орталықтың қызметтерін цифрландырып, халық үйден шықпай-ақ қызмет ала алатын жағдай жасауға бола ма? Сонда оларды бір жерге шоғырландырмауға болатын сияқты…
-Қазіргі таңда «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы көптеген қызмет түрлері онлайн жүзеге асуда. Жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді де осы портал арқылы жүзеге асыруға болады. Бірақ, халық әлі осы қызметтерді үйінен шықпай-ақ алуға болатынын ескере бермейді. Біріннің электронды цифрлы қолтаңбасы болмаса, бірінің үйінде дербес компьютер жоқ. Түрлі сылтаумен осы қызметтерді онлайн режимде ала алмай отыр.

-Тұрғындар міндетті түрде білуге тиіс маңызды ақпараттарды тізіп берсеңіз.
-Қазіргі уақытта халықтың білуі керек – бірінші кезекте, барлық қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн түрде қол жетімділігін ескеру. Ешбір, мекеменің есігін қақпай-ақ қажет қызметті үйде отырып-ақ алуға болады. Осыған әр адам өз-өзін дағдыландыруы керек. Дамыған елдердің қатарына ұмтылған елдің халқы осыны түсінуі керек. Екінші – карантиндік жағдайды қатаң сақтау. «Қорғаныс бетперделерінсіз кіруге болмайды» деген жерлерге «әйтеуір бетпердем бар ғой» деп беталды кіре бермей, оны дұрыс тақтыңыз ба соған назар қойсаңыздар. Біреулер тек аузына түсіріп киіп алады, бұл сізді вирустан толық сақтамайды. Орталыққа тек сақтық шараларын толық сақтағандар ғана кіре алады.

-Сұқбатыңызға көп рақмет! Ауырмаңыздар, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
-Сізге де рақмет.

Сұқбат құрушы – Есенбай Ізбасаров