Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовты қабылдады.
Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының елдегі қаржы нарығын дамыту, инвесторлар мен қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау және АХҚО алаңында сауда-инвестициялық ынтымақтастық бойынша атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейін экономиканы қайта қалпына келтіру кезінде АХҚО-ның алдына қойылған міндеттерді тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
Осы орайда Қазақстан Президенті инвестиция тарту және мемлекеттік активті жекешелендіру барысында, қор нарығын дамытуда АХҚО әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды. Ал шаруашылық дауларды шешуде АХҚО соты мен төрелік орталығына бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз ету тиіс.
Сонымен қатар Президент АХҚО инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын ілгерілету үшін Сыртқы істер министрлігі мен мемлекетіміздің шетелдік өкілдіктерімен бірлескен жұмыстарды жандандырудың қажеттілігін атап өтті.
Кездесу барысында Қайрат Келімбетов Орталықтың экожүйесі толық қалыптасқанын, карантин шаралары кезінде оның тұрақты жұмыс істегенін баяндады.
Сондай-ақ Қайрат Келімбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда алғаш рет АХҚО алаңында бұрын-соңды болмаған қаржы құралдары енгізілгені, атап айтқанда, юаньмен көрсетілген облигациялар шығарылып, облигацияның исламдық баламасы — сукуктың кросс-листингі өткізілгені туралы айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.