ХАМИДОЛЛА НӘУБЕТОВТІҢ ҒҰМАР ҚАРАШҚА ЖАЗҒАН ХАТЫ ХАҚЫНДА

«Қазақ» газетінің (Бас шығарушы Ахмет Байтұрсынов) 1914 жылғы 14 ақпан күнгі №50 санында Ғұмар Қараштың «Шарғы мәселе» атты мақаласы жарық көрген. Мақала басында Ғ.Қараш Астархан маңайындағы бір бауырым Хамидолла Нәубетов деген ушителден хат алдым деп оқырмандар назарына береді. Хаттағы сұраған фәтуасы жұртқа ортақ нәрсе турасында болғаны үшін, оның хатын да һәм жауабымды да құрметті «Қазақ» арқылы жариялатуды лайық көрдім, қатесін тапқан жандардан жолы-жөніменен, шанышпай, шаптамай түсіндірулерін тілеймін деген пікірін білдіреді. Бұл мақаланы «Заң мәселесі (Шариғи мәселе)» атауымен Уфа қаласынан жарыққа шығып тұрған «Шора» журналының 1914 жылғы №50 санына да жариялайды.