Әркімнің жолы – әртүрлі сапар

Саясаттанушы, публицист, «Құрмет» орденінің кавалері Кенжеболат Жолдыбай өзі өмірге келген Жезқазған өңірінде ғана емес, республикалық деңгейде қоғамдық және мемлекеттік қызметтерде айшықты қолтаңбасын қалдырған, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға зор үлесін қосқан азамат. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағаларының орынбасары болып, талай игі істердің басы-қасында жүрсе, елордасында да ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ басқармасының бастығы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан»РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат»ұлттық компаниясы»АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқарып, абырой биігінен көріне білді.

Уақыттың жан жүйе тынысы

Қай дәуірдің болса да аса маңызды құндылықтарының бірі – ақпарат. Ақпарат неғұрлым жедел әрі шынайы болған сайын оның маңызы күшейе бермек. Себебі, адамға қай мағынасында да жаңалық керек. Қандайда бір ақпарат көздерінен болса да. Осы орайда, сонау кеңес заманында «Москва слезам не верит» деген фильм көргенім әлі есімде. Сондағы бір кейіпкердің: «Болашақта ақпарат құралдарынан тек телевидение ғана қалады» дегені бар. Бүгін де дәстүрлі БАҚ-тың, әсіресе, мерзімді баспасөздің күнін қараң қалдырып, онлайн медиаға мол мүмкіндіктер ашылады деп жататындар баршылық. Олар «инфодемия» (ақпараттық пандемия) өршіп тұрса да болашақ интернетте деп есептейді. Жақында ғана Елордада өткен Astana Media Week-2021 медиа апталығына қатысушылар тарапынан да осыған ұқсас пікірлер айтылып қалды.